Барымызды бағалай білейік!

Мемлекет басшысының еліміздің ата басылымы – «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты халық үшін құндылығымен ерекшеленеді деп сеніммен айта аламын. Бірінші кезекте бұл – ел өміріндегі қазіргі және болашақтағы құбылыстар мен өзгерістерді түсінуге арналған аса салмақты сұхбат. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап берген осындай еркін әрі ашық әңгіме халыққа өте қажет.

Менің білуімше, дәл осындай бүкпесіз баянға, әрбір қабылданған шешімді түсіндіру бағытындағы шынайы ақпараттарға ел тұрғындары аса зәру екені даусыз. Ендігі жерде Президенттің салған жолымен Үкімет басшысы, күштік құрылымдар, министрлер мен әкімдер халықты алаңдатқан барлық мәселе бойынша кеңінен сұхбат беріп, ашық әңгіме өрбітсе деген тілегім бар. Бұл ретте алдыңғы қатардағы міндет – заңның мүлтіксіз орындалуын және тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Заң үстемдігі берік орнап, тәртіпке бағынған, білімге бой салған елдің тез өсіп-өркендейтіні әлемдік қауымдастықта талай мәрте дәлелденген.
Ел Президентінің сұхбатында бүкіл қазақстандық қоғамды көптен бері толғандырып, ойландырып отырған өзекті мәселелер талқыланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттік жүйені реформалау, Қаңтар оқиғасы, ел алдында тұрған міндеттер, Президент сайлауы, Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары, еліміздің Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасы, қоғамда қордаланған басқа проблемаларға тоқталып, қойылған сұрақтардың барлығына нақты жауаптар қайтарды. Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек, бұл – ең басты талап деген тұжырымы көпшілік көңілінен шыққаны анық.
Өз басым Мемлекет басшысының сұхбатынан қоғамдық санада қалыптасып қалған сан сауалға орнықты жауаптар таптым. Президент ұлт мүддесін ескере отырып, биыл бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу, қазақ ұлтына танымал тұлғалардың есімдерін ұлықтау, нағыз табиғи жыл басы Наурыз мейрамының мазмұнын байытып, оны барынша дәріптеп, жаңаша атап өту, тағы басқа мерейлі оқиғалар бойынша тереңінен ой толғады. Бұл идеялардың барлығын халқымыз қолдайды деп есептеймін.
Сонымен қатар Президент бұл мақалада жұртты толғандырған АЭС құрылысына қатысты өз пікірінде: «Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғам-дық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», – деп өз пікірін ашық білдірді.
Сұхбатта айтылған орамды ойлар мен салиқалы сөздерді санаға мықтап түйіп, кемел келешекке жол бастауымыз керек. Қазіргідей жаһандану кезеңінде бәріміз қазақ еліндегі бейбіт күнді бағалап, халық игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз.

Дана АЛТЫНБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment