«Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Барыңды бағала» атты студенттермен тағылымы мол кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық санасын тереңдету, қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін арттыру, тарихи-мәдени мұраларға құрмет қалыптастыру және вандализмнің алдын алу мәселелеріне назар аударту.
Кездесуді тізгіндеген «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева қоғамның орнықты дамуы заң үстемдігі мен тәртіпке тікелей тәуелді екенін атап өтіп, әділдік пен өзара сенім қалыптасқан ортада ғана қоғамдық келісім мен бейбіт өмір орнығатынын жеткізді. Сондай-ақ конституциялық реформалардың жастардың әлеуетін ашуға, олардың білім алуға, еңбек етуге және қоғамдық өмірге белсенді араласуына кең мүмкіндіктер беріп отырғанын ерекше атап өтті.
Алғашқы болып сөз алған «Amanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Турмахамбетова «Конституциялық реформа – белсенді жастар қоғамын қалыптастырудың негізі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, жастардың ел дамуы жолындағы стратегиялық маңызын айқын көрсетті.
ҚХА Аналар кеңесінің төрағасының орынбасары Сара Даузова «Салауатты сана» жобасы аясында зиянды әдеттер мен вандализмнің қоғамға тигізер теріс әсеріне тоқталып, «Барыңды бағала» жобасының жастар бойында жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастырудағы маңызын айтты.
Жастарға жігер берер жиында тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесі де кеңінен қозғалды. «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің ғылыми қызметкері Искандербек Торбеков вандализмге қарсы заңнамалық жауапкершілік туралы нақты мысалдар арқылы түсіндірме беріп, тарихи құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
Жиында құқықтық жауапкершілік пен қоғамдық тәртіп мәселесі де назардан тыс қалмады. Аталған тақырыпта аймақтық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азат Пирматов құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстардың маңызын жеткізді. Кездесу барысында тақырыпқа сай бейнематериал көрсетілді.
Жастармен жүздесу колледж директоры Жанат Акебаеваның ұйымдастырушыларға алғыс сөзі, белсенді студенттер Мөлдір Сейдалықызы мен Мадина Бекболатованың аталған жиынға орай орамды ойлары және «Барыңды бағала» жобасына белсене атсалысқан аталмыш оқу орны жастарының марапатталуымен түйінделді.