Барша мамандықтың төресі

Әр адам мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді.

Қиындығы мен қызығы жетерлік, ең бастысы, жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Бұл мамандық иелерінің мойнына бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие дәнін егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген.
Балалардың бойында адамгершілік қасиеттерді дамытуда мұғалімнің үлесі мен әсер-ықпалы ерекше орын алады. «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары еш нәрсе болмақ емес», – деген екен Я.А.Коменский. Ұстаздың жеке басының, адами қасиетінің көрінісі бала үшін орасан рөл атқарады. Ерік-қайраты күшті, мінезге бай болу – мұғалімнің жеке басына қойылатын басты талап.
Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазынамен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс.
Мұғалім бойындағы білім мен ақыл-ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Сондықтан күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны айқын.
«Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек», – деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын.
Бүгінде елімізде педагогтарға ерекше қолдау көрсетілуде. Олардың әлеуметтік жағдайына да баса мән беріліп, еңбекақылары жыл сайын артуда. Мұның барлығы білім саласының дамуына да серпін беруде.

Айнур Менлибекова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының
«Химия және биология» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment