Түркістан қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты қала мейрамханаларының бірінде жанжал туғызды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға жайында түсірілген бейнежазба «За нами уже выехали» Telegram арнасында жарияланған. Кадрлардан ер адамның боқауыз сөздермен балағаттап, мекеме қызметкерлеріне тұра ұмтылғанын көруге болады. Сонымен қатар жазбада шу шығарған азамат өзін «VII шақырылған мәслихат депутаты» және «бұрынғы бұзақы» ретінде таныстырғаны айтылады.
Түркістан облысының полициясы оқиға 17 қазан күні түнгі 1-лер шамасында болғанын айтты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен мекеме қызметкерлері көмек сұраған.
«Оқиға орнына полиция жасағы келді. Тәртіп сақшылары оқиға барысында жергілікті тұрғынның төлем жасаудан бас тартып, жанжал туғызғанын анықтады. Құқық бұзушыға ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материалдар сотқат жөнелтіледі.
Сондай-ақ азаматтың бұрын қалалық шақырылым мәслихатының депутаты болып, осы жылдың наурызында қызметінен кеткені белгілі болды», – деді полиция.