Қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Алқап тұрғындарын көптен бері жол мен ауыз су мәселесі толғандырып келеді.
– Жол азабын тартып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Көктем шығып, ауа райы құбылмалы болған мезгілде осы алқапқа адам түгілі көліктердің қатынауы қиынға соғады. Кейде тіпті жедел жәрдем көлігінің өзі діттеген жеріне жете алмай жатады. Ауыз су мәселесі де біз үшін өзекті болып отыр. Қаланың іргесінде тұрсақ та, сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келеміз, – деді тұрғындар.
Шаһар басшысы кезегінде аталған мәселелер тікелей өзінің назарында екенін баса айтты.
– Қазір елімізде өңірлердің инфрақұрылым жақсартуға баса мән берілуде. Осы бағытта ілкімді істер қолға алынуда. Сіздер көтерген мәселелер маған жақсы таныс. Биыл бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстарды бастаймыз. Айталық, мамыр айының басында жолға қиыршық тас төселетін болады. Содан кейін келер жылы асфальттау жұмыстары басталады. Бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер серіктестік анықталды. Ауыз суға келер болсақ, «Қаз Нұр жобалау-Құрылыс институты» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Бұған 1 243,208 миллион қаржы қаралып, бюджеттік өтінімге ұсынылды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы жүргізіледі. Жұмыстардың сапалы орындалуын өзім тікелей бақылауыма алатын боламын, – деді Бақытжан Орынбекұлы.
Басқосу барысында қаңғыбас иттер, көше тазалығы, жаяу жүргіншілер жолын салу мәселелері де көтерілді. Бұл бойынша қала әкімі барлық мәселелер кезең-кезеңімен, жоспарға сай шешілетінін жеткізді.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы