Барлық істің бастауы – сапалы білімде

«Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. ондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда.

Білім мен инновация – қазіргі заманның ең құнды қаруы. Жетілген жоғары технологияға жетудің төте жолы. Осыған жіті мән беретін М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті ғылымды өркендету жолында тың ізденістерге баруда. Айталық, оқу ордасында өмірін осы салаға арнағысы келетін жас мамандардың тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған. Ал «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінде білікті кадрлар даярлау ісі жүйелі жолға қойылған.
Қоғам дамуына үлес қоса алатын мамандарды даярлауды мақсат еткен факультет бұл жолда ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтасу, халық арасында жаратылыстану білімін насихаттау секілді міндеттерді орындап келеді. «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің түлектері экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде ғылым мен білім саласында сұранысқа ие.
Факультет құрамындағы маңызды жұмыстардың бір бөлігін «Химия» кафедрасы атқарып келеді. Кафедрада бакалавриатта «Химия мұғалімдерін даярлау», «Химия және биология мұғалімдерін даярлау» және магистратурада «Химия педагогтарын даярлау», «Химия (ІР)» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар оқытылады. Мұнда мамандандырылған арнайы лабораториялар мен құрал-жабдықтармен қамтылған және оқудың инновациялық технологиясы енгізілген.
Ал 2023 жылы «Химия» кафедрасының базасында «Менделеев сыныбы» өз жұмысын бастады. Аталған жоба Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісім аясында жүзеге асты. «Менделеев сыныптары» – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті әзірлеген және өңірлік білім басқармалары мен химия саласының индустриялық серіктестерінің қолдауымен жоғары оқу орындары базасында іске асырылатын жалпы білім беретін мектептердің 10 және 11-сынып оқушыларына арналған білім беру жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің химия саласы үшін болашақ кадрларды даярлаудың барлық кезеңдерінде химия мен математиканы оқыту деңгейін арттыру.
Осы уақытқа дейін білімді мамандар оқыту ісінде үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан факультеттің жұмыс елімізде де, шет мемлекеттерде де жоғары бағаланып келеді. Осының арқасында факультет Чехияның Томаш Бат университеті, Түркияның Гази және Карабюк университеттері, Польшаның Лодз университеті, Литваның Витаутас Магнус университеті, Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті, Томск мемлекеттік педагогикалық университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Қырғызстанның Б.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университеті, Индонезиядағы Сұлтан Сиариф Касим атындағы мемлекеттік ислам университеті секілді іргелі оқу орындарымен берік байланыс орнатқан.
«Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің ғылыми-зерттеу жұмысының саясаты жаратылыстану-математикалық ғылымдары саласында іргелі, ізденіс және қолданбалы жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта факультетте профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторлары жұмыс істейді.
Факультетте бірнеше ғылыми үйірме жұмыстары жүргізіледі. Олардың қызметінің негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін қарқындату, олардың ғылыми зерттеулерге қатысу жолымен, әр студент үшін өзінің қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке тұлғаның шығармашылық дамуына өз құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Жалпы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде білім алудың беретін мүмкіншіліктері мол. Олардың қатарында көптілді білім беру бағдарламасын, қос дипломды білім беру бағдарламасын, әскери кафедра, білімді оқытушы-профессорлық құрамын, су шаруашылығын зерттеуде республикадағы жетекші университет екенін, инклюзивті оқыту жүйесін, оқу ақысын төлеудің икемді жүйесін, халықаралық StartUP жобаларын әзірлеуін, тәжірибеге бағытталған оқу үрдісін және ағылшын, қытай, неміс тілдерін тегін оқуға мүмкіндік барын айтып өтуге болады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Білім беру сапасы – табысты ұлттың қалыптасуының маңызды шарты». Сондықтан қазақстандықтарды жан-жақты оқыту және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз.

Айнур МЕНЛИБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Жаратылыстану
ғылымдары» факультеті «Химия» кафедрасының
аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment