Барлық білім – кітапханада

Кітапхана – білімді дамытудағы көшбасшы болса, кітап – адамзаттың жан азығы, рухани байлығы. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар.

Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетінің артуына, аймақтың рухани дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Кітапханаларда оқырмандармен бірге атаулы күндерге арналған әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Айталық, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Балалық бейнеміздің белгісі» атты дөңгелек үстел, «Құпияға толы қаламгер» әдеби портрет, «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кештер өткізіліп, жазушының шығармалары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар облыс әдебиетіндегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, өңіріміздің әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, қоғамның оқуға деген ықыласын көтеру мақсатында жүзеге асырылып отырған «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы аясындағы өткізілген іс-шаралар да оқырмандар тарапынан қолдау табуда.
Бұған қоса 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай түрлі танымдық ойындар ойнатылды. Сондай-ақ жаңа түскен және әр саладағы әдебиеттер оқырман назарына ұсынылған «Рухани құндылық қайнары» атты ашық есік күніне, кітаптың сиқырлы әлемін танып- білуге қызығушылықты арттыру мақсатындағы «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты адвент-календарьға оқырмандар үлкен қызығушылықпен қатысты. Сонымен бірге Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бірлесіп өткізген «ART & CIENCE: БІЛІМГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ» JAMBYL Book Fest» кітап фестивалінде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Менің атым Қожа» повесінен көрініс көрсетіліп, ертегіні сүйіп тыңдайтын, сүйіп айтатын оқырмандарға «Жеті лақ» ертегісінен қойылым ұсынылды. Осылайша балаларға арналған энциклопедиялар мен ақын- жазушылардың шығармалары көпшілік оқырман қауымына жан-жақты дәріптелуде.

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment