Баркуаб қаласының қазба жұмыстары қашан жанданады?

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде ақиқаты ашылмаған дүние көп. Әсіресе, аңыз һәм шындықпен астасқан тарихи орындар аз емес. Есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін мұндай мекендердің тылсым тұстары да жетерлік. Міне, сондай орынның бірі – Жуалы ауданында орналасқан Баркуаб қалашығы.

Жалпы, тарихи шаһар жайлы ел ішінде түрлі деректер айтылады. Біреулер Баркуаб қаласы Теріс ауылының орнында болған десе, осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген тарихшы Ескендірбек Төрбеков Баркуаб шаһары Тараз қаласының негізгі орталығы болғанын алға тартады. Тағы бір деректерде Баркуаб көне Тараз шаһарынан 150-200 жыл бұрын пайда болғаны айтылуда. Сонда жобамен Баркуаб қалашығы біздің заманымызға дейінгі ІІ-І ғасырларда пайда болды деген болжам бар.

Аталған шаһарда инфрақұрылым дамып, қолөнер, егіншілік пен сауда-саттық ерекше екпін алған. Ұлы Жібек жолы бойындағы қала болғаны да оның дамуына айрықша серпін берген. Ортағасырлық араб, қытай, парсы шежірешілері мен саяхатшылардың жазбаларында Баркуаб үлкен әрі аса дамыған қала ретінде сипатталады. Осы деректер шаһардың шын мәнінде ірі сауда, экономикалық, әкімшілік және саяси орталық болғанын растай түседі.
Кезінде Баркуаб қаласының орнында Ш.Уәлиханов атындағы археология институтының мамандары – Ә.Марғұлан мен тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ал Баркуаб қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.Бартольд анықтаса, 1940 жылы археолог Г.Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пункті экспедиция жасаған. 1978 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеу жұмыстарын қолға алды.
Бүгінде бұл қалашықтан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, туристерді тарта түсуде. Мұражайдағы тас дәуірінің белгісі – дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, қыз-келіншектер таққан моншақтар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудыруда. Осы құнды жәдігерлерге жапон ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қала кемінде 1 448 жыл бұрын пайда болған деген байламға келіп отыр.
Қалашықтың үлкен қарауыл мұнарасы орналасқан жерге 2017 жылы сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары басталып, төбесі қоршалған еді. Қазір қазба орындары алты бөліктен құралып тұр. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Осыған қарап ғалымдар Баркуаб қаласында көпқабатты үйлер болған деген де болжам айтуда.
2019 жылы Жуалы ауданы әкімдігі бюджетінен қазба жұмыстарына 10 миллион теңге бөлінсе, 2020 жылы – 6, 2021 жылы 5 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған. Осы қаражат есебінен қазба жұмыстарына тарихшы Ескендірбек Төрбеков басшылық жасап, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып отыр.
– Қазба жұмыстары кезінде 12 метрлік құдық табылды. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталды. Бұл осыдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын қала тұрғындары астық өсірумен айналысқанын айғақтайды.
Одан бөлек, қазба жұмыстары барысында бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегі табылды. Сондай-ақ бұл тарихи орыннан осыдан 1 800 жыл (18 ғасыр) бұрынғы көмір қалдықтары аршылып алынды. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл қалашықтың атауы «Битьян» болуы да мүмкін деген болжам бар. Баркуаб маңайындағы Теріс, Нұрлыкент, Бақалы ауылдары тарихи қалашықтың аумағында орналасуы да мүмкін. Сондықтан Баркуаб қаласы туралы әлі зерттейтін дүние көп, – дейді тарихшы Е.Төрбеков.
Кейінгі алты жылда Баркуаб қалашығының орнына 10 мыңнан аса турист келіп, тарих қойнауына үңілген екен. Олардың қатарында Атырау, Ақтау, Түркістан облыстарынан бөлек, Ресей мемлекетінен келген туристер де бар.
Кезінде Жуалы ауданын басқарған, қазба жұмыстарына тікелей ұйытқы болған Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, олар Баркуаб қаласының орнын ойламаған жерден тапқан екен.
– Теріс ауылындағы орта мектепте шағын музей бар. Бір жолы сол мектепке барып, 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыраның қойылғанын көрдім. Кейіннен ауыл тұрғындары аулаларында жер қазғанда әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар тауып алып жатқандарын айтқаннан кейін зерттеу жұмыстарына кірістік. Құнды жәдігерлердің табылған ізімен жүріп, осы төбені анықтадық. Содан 2018 жылы тарихи қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізу маңыздылығын дәлелдеп, қазынадан қаржы қарау мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Б.Көпбосынов.
Ғалымдар Баркуаб қаласында табылған ерекше бұйымның бірі – Қаңлы мемлекеті тұсындағы құмыра екенін айтады. Құмырада, тіпті, шебердің саусақтарының ізі де сақталып қалған. Дәл осындай құмыралар Арыс өзенінің маңынан табылған екен. Түркістан мен Шардарадағы қазба жұмыстары кезінде де осындай құмыралардың бірнеше үлгісі анықталған. Қаңлы құмырасын сол жәдігерлермен салыстыра отырып, ғалымдар Баркуаб қаласы біздің заманымызға дейінгі І ғасырда өмір сүрген деген байламға келіп отыр. Сондай-ақ зерттеушілер Баркуаб қаласы Қаңлы мемлекеті билеушілерінің жазғы демалыс орны болғанын айтуда. Қазба жұмыстарын жүргізгендер Жуалы ауданы маңындағы үлкен қорғанның астында Баркуаб қаласы жасырынып жатқанына сенімді.
Археолог Александр Бернштам мен Василий Каллаурдың еңбектеріне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп те аталыпты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді.
Қазба жұмыстарының басы-қасында болған өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің айтуынша, археологиялық жұмыстар кезінде адам таңғаларлық дүниелер табылыпты.
– Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адам таң қалдыруда. Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектер қалай таңбаланғанын түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Сол секілді мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да археологтардың қызығушылығын тудыруда. Сондай-ақ қазба орындарынан кетпен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда.
Ал ең таңғаларлығы, 30 метр тереңдіктен табылып жатқан молалар болып тұр. Онда мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар мұны ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышытөбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерде қазба жұмыстарын бастап, үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Ал бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырлар табылды. Бұл – шын мәнінде, таңғалатын нәрсе. Сонда осыдан 2 500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылғаны ғой.
Осы орайда ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайтты айтсам. Топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас табылды. Денесі жоқ басты зерттеушілер «Ертедегі хандар өз жауларының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді» деген болжам жасауда, – дейді Дәулетжан Байдалиев.
Аталған басты археологтар Жапония мемлекетіне жіберген. Ондағы ғалымдар оны әлі күнге зерттеп жатыр екен. Алайда бұл Томирис шауып алған парсы патшасы Кирдің басы ма, жоқ па, ол туралы нақты ақпар жоқ.
Қалай дегенде де ежелгі Баркуаб қаласы әлі жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Алайда 2021 жылдан кейін қазба жұмыстары тоқтап қалғаны қынжылтып отыр. Сонда қазба жұмыстарының тоқтап қалуына не себеп болды? Қаржының бөлінбеуі ме, әлде мұның басқа да сыры бар ма?
Жуалылықтардың айтуынша, ежелгі Баркуаб қалашығының маңынан өткенде түрлі дауыстар шығады екен. Әсіресе, түн мезгілінде ежелгі шайқастар мен ат тұяғының дүбірі естілетін көрінеді. Сондай-ақ тұрғындар Баркуаб қалашығына жақындасаң, басыңды белгісіз бір күш қысып, есеңгіретіп тастайтынын айтады. «Сондықтан археологтар мұндағы қазба жұмыстарын қайта қолға алмай отыр», – дейді жуалылықтар.
Бұл сауалмен «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының директоры, ғалым-тарихшы, археолог Сауран Қалиевке қайырылып едік, маман бар мәселе қаржыға келіп тіреліп отырғанын айтты.
– Қазба жұмыстарына қаржы қаралмай отыр. Бар мәселе – осыда. Баркуаб қаласынан бөлек, Жамбыл облысында қазба жұмыстары тоқтап қалған тарихи орындар көп. Бір ғана «Көне Тараз» қалашығының да қазба жұмыстары аяқсыз қалып отыр. Егер қаржы бөлінсе, қазба жұмыстарын ертең бастауға дайынбыз, – дейді археолог.
Әрине, Баркуаб қалашығы сынды үлкен жобаға қомақты қаржы керек. Ал Жуалы ауданы әкімдігі қазынадан ондай қаражат қарай алмайтыны белгілі. Сондықтан жергілікті билік өкілдері қазба жұмыстары қашан қайта жанданатынын нақты айта алмай отыр. Бәлкім, бұл мәселеге облыс, тіпті, республика көлемінде көңіл бөлетін кез келген шығар?! Сонда ғана құнды жәдігерімізді құмнан аршып алып, тарихымызды таныта аламыз. Әлем елдері осындай бір ғана тарихи орынмен туристік кластерді дамытып, қазынаға қомақты қаржы түсіріп жатқанын естен шығармаған абзал.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment