Бар жақсылық балаларға!

Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жылдағы ізгілікті дәстүрді жалғап, биыл да жеткіншектерге базарлық үлестірді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл күні «барлық бала бақытты болуы тиіс» деген қағиданы ұранға айналдырған іскер әйелдер өңіріміздегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың арманын «100 хат – 100 арман» акциясы аясында орындады. Балғындар әр жыл сайын осы шараны асыға күтіп, өтініш-тілегін хатқа түсіруге, оны облыстық іскер әйелдер қауымдастығына жеткізуге асығады.

Биыл да қайырымдылық акциясына хат жазушылар көп болды. Дегенмен жылдағы мерекелік шарадан биылғы сыйлық үлестіру дәстүрі өзгеше өтті. Өңірде қатаң сақталып отырған карантин режимін бұзбау мақсатында балаларға арналған сыйлықтар ата-аналарға «Інжу-Маржан» мейрамханасының залында табысталды. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығына бұл жолы түрлі өтініштермен 120 хат келіп түскен. Балалардың қалауы әртүрлі. Бірі бауырларына аяқ киім, бірі ұялы телефон, енді бірі самокат, велосипед сынды заттарды тілек еткен. Өңірдегі іскер әйелдерден құралған 9 секцияның мүшелері қаладағы сауда нүктелерінің көбі жұмыс істемей тұрғанына қарамастан, балалардың бар тілегін қабыл алып, қалауларын бұлжытпай орындауға тырысты.

– Біздің болашағымыз балалар емес пе?! Біз биыл да жылдағы әдетімізден жаңылмай, балғындардың тілегін орындап отырмыз. Балалардың қуанышын көрген сайын шаттанамыз, өміріміз гүлдене түседі. Жыл сайын мұндай сыйлықтарды салтанатты түрде, мерекелік көңіл-күйде үлестіруші едік. Дегенмен карантин режиміне қарамастан, дәстүрді тоқтатқан жоқпыз. Ата-аналар түсіністікпен қарап жатыр, – деді ардагер ұстаз, Тараз қаласының Құрметті азаматы Айман Садықова.
Айта кетерлік жайт, биылғы акция облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жанынан құралған «Отбасын қолдау мектебі» жобасының аясында ұйымдастырылуда. Аталмыш жоба өңірдегі қиын жағдайдағы жанұяларға психологиялық, әлеуметтік көмектер көрсету мақсатында қолға алынған. Тағы бір ерекшелік – биыл 120 баладан бөлек, 7 бірдей қоғамдық қорға да сыйлықтар табысталды. Олардың құрамында мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетіп отырған, көпбалалы, жалғызбасты аналарды қолдауға бағытталған ұйымдар бар.

Жыл өткен сайын қамтылған балалардың саны артып келеді. Мысалы, биыл хат жазған бала саны 118 болса, оған қосымша тағы 44 балаға сый-сияпат жасалды. Ойыншықтар мен өзге де сыйлықтармен қатар, азық-түлік себеттері де балаларға үлкен базарлық болары хақ.

– Биыл «Ақжүніс» аналар қоғамының сұранысына құлақ астық, 51 ана мен балаға шапағаты тиіп отырған «Қамқор жүректің» тілегін орындадық. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қамқорлығына алған «Қамқор ана», сондай-ақ «Аналар үйі» мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге қолдау көрсету орталығы, қамқоршыларымен көпбалалы отбасында тұрып жатқан жетім балаларға да сыйлық жасадық, – дейді Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Меруерт Лештаева.

Балаларды қорғау күніне арналған тосынсыйлар легі мұнымен тоқтаған жоқ. Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жанынан құралған «Отбасын қолдау мектебі» әлеуметтік желідегі парақшаларында «Менің тату отбасым» атты сурет байқауын жариялады. Мереке қарсаңында аталмыш байқаудың нәтижесі жарияланып, суретші балақайлар тағы да қуанышқа бөленді. Парақшаны белгілеген жас өнерпаздардың ішінен бес бірдей бүлдіршін жеңімпаз атанды. Олар: Айғаным Қажымұқан, Қабыл Алижан, Аружан Сүгірбекова, Альбина Қадырова, Кристина Криговина. Мұнымен қоса, 24 бала Іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Осылайша, балақайлардың балғын тілектері орындалып, қуанышқа бөленді.

Comments (0)
Add Comment