«BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы елімізде 2023 жылдың 19 наурызы күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін қамтитын өңірлік штабтарда бақылаушылық жасайды.
Дос Көшім, саясаткер, оқытушы:
Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы өздерінің азаматтық-саяси көзқарастарын қалыптастырады, Қазақ еліндегі сайлау жүйесін өзгертуге де үлестерін қосады. Билік, өкінішке орай, сайлау жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын нығайтудан көрі сайлауды бақылау процесін қыйындату бағытында бірнеше өзгертулер енгізіп отыр. Еліміздегі құқық қорғау органдарының сайлау барысындағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюға құлықсыз екені де белгілі. Демек бақылаушылардың сайлау заңын меңгеруі мен өздерінің құқықтарын біліп қоюы жеткіліксіз, оларға «мінез» керек.
Соңғы жылдары Қазақстанда сайлаудағы бақылау процесіне қызығушылықтың артуы байқалады. «BAQYLA» қозғалысы тәжірибесі жоқ болса да, сайлау процесінің толыққанды қатысушысы болғысы келетін кез келген азаматтың сайлау заңнамасын егжей-тегжейлі біліп, бақылаушы функциясын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасайды.
Бақылаушыларды тарту үшін ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер пайдаланылатын болады. Бақылаушылар сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы ұйымдастырылған курстарда оқиды. Осы және өзге де шаралар қоғамдағы сайлау белсенділігін арттыруға, азаматтардың саяси білігін жандандыруға ықпал етеді.