Балық аулау кезінде барынша абай бол!

Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын тек қыс-көктем мезгілінде ғана емес, үнемі есте ұстаған жөн. Сондықтан біз бірқатар сақтық шараларын тағы бір еске сала кеткенді жөн көрдік.

Қайықтан балық аулауға арналған пайдалы кеңестер:
– егер сіз жақсы жүзе білмесеңіз, қайықпен ашық су айдынында, әсіресе жалғыз балық аулауға болмайды;
– су айдынына шықпас бұрын қайықтың бүтіндігін тексеріп, ескектердің сау екеніне көз жеткізіңіз;
– егер қайық үрлемелі болса, ауа үретін клапандарын тексеріңіз;
– алыстан оңай байқалатын ашық түсті құтқару кеудешесін киіңіз, оны ешқашан жағалауда қалдыруға болмайтынын есте сақтаңыз;
– шамадан тыс ауырлық болмас үшін қайыққа ең қажетті заттар мен жабдықтарды ғана алыңыз және қайықтың түбінде су жиналмайтынына көз жеткізіңіз;
– қайықтың жақтауына отыруға және ішінде тік тұруға болмайды;
– зәкір жүктерін суға түсіргенде және көтергенде өте сақ болу керек. Егер зәкірді оңайлықпен көтеру мүмкін болмаса, оны жұлқымау керек. Сонымен қатар зәкірді қайықтың бүйірінен емес, тұмсығы мен арқасынан түсіріп, көтеру керек;
– үрлемелі қайыққа арналған зәкір ретінде тас, темір бұйымдар, кірпіш секілді қолға түскен заттарды пайдаланбаңыз. Өйткені мұндай заттар қайықтың резеңке матасын жыртуы мүмкін;
– қайықты зәкірге қойғанда оның тұмсығы желге қарсы тұруын қадағалау қажет. Тіпті әлсіз толқынның өзі бүйірімен тұрған қайыққа қауіп төндіреді;
– үрлемелі қайықпен ағашы көп жерлерге жүзбеген жөн, ағаштың үшкір бұтақтары қайық матасын бүлдіріп, өмірге қауіп төндіруі мүмкін;
– балықшы балық аулауға дейін және аулау кезінде алкогольді ішімдіктерді тұтынбаған дұрыс екенін мықтап ұғынуы қажет;
– қайық аударылып кетсе, үрейленбеңіз, оны ұстап алуға тырысыңыз және жағаға қарай жүзіңіз.
Судағы сақтық шараларын бір сәтке де естен шығармаңыздар!

Данияр Келіс,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері

Comments (0)
Add Comment