Орыс әдебиетінің үздік өкілі Александр Пушкиннің Абай атындағы опера және балет театрында тұңғыш рет сахналанған әлемге әйгілі «Пиковая дама» қойылымына Тараз жұртшылығы да көзайым болды.
Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Ю.Ким
Аты аңызға айналған ҚР халық әртісі, балетмейстер Болат Аюхановтың жетекшілігімен көпшілікке ұсынылған қойылымды жасау үшін метр барын салыпты. Сексеннің сеңгірінен асқан Болат Аюханов Әулиеата жеріне келмесе де, өзі басқаратын академиялық би театрының өкілдері жұртшылықты екі күн бойына бекзада өнерімен сусындатты. Облыстық қазақ драма театрының сахнасында алғашқы күні күллі әлем мойындаған «Пиковая дама» қойылымы сахналанды. Сұлулықты сол қалпында жеткізген опера және балет театры әртістерінің сахнадағы бейнелері өз алдына бөлек әңгіме дерсің. Көздің жауын алатын түрлі-түсті киім-кешектің барлығы арнайы қойылым үшін тігіліпті.
– Хореография – өнердің ең биік шыңы. Мұндай әлемдік шығарманы сахналау үшін оны жүрекпен сезіну керек. Болат Аюхановтың сахналауы өзіндік эксперимент деп айтуға болады. Шығармада Пушкин мен Герман қайғылы оқиғаға тап болады. Ал метр шығарманың желісін алып, соңын бақытты етіп аяқтайды. Бұл да өз алдына бір ерекшелік. Жанды дауыс, әуезді әуен, жаңа ноталар көрерменнің көңілінен шыққаны сөзсіз. Тіпті әлемдік операның шоқ жұлдыздары Тамара Милашкина, Елена Обрацова сынды опера әншілерінің дауысы мен Мәскеудің симфониялық оркестрлерінің әуенімен де қойылымда сусындадық. Балет дегеніміз – операның атасы десе де болады. Операсыз балетті елестету мүмкін емес. Мұнда мазмұн мен әр әртістің бейнесі маңызды. Осы тектес шығармалар көптеп сахналануы керек, – дейді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Бас балетмейстер Гульфида Гафурова.
Пушкин заманына өту, әрине, оңай емес. Кейіпкерлердің әрбір элементтері сол заманның болмысын бейнелеуі керек. Мұндағы сахнаның декорациясына үш карта алдыңғы планға шығарылған. Оны спектакльдің негізгі символы деуге де болады. Ал екінші күні шығармашылық топ Батыс Еуропа, Шығыс және еліміздің балет және опера өнерінің шедеврлерінен үзінді қойды. Онда Болат Аюхановтың тырнақалды туындылары да көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар бағдарламада ұлы балетмейстер мен биші Рудольф Нуреевке арналған С.Прокофьевтің музыкасына жазылған «Хореографическое буриме» композициясы ұсынылды, композицияға репертуардағы балеттердің үзінділері де кірді. Қойылым мен хореография Б.Аюхановтікі. Сондай-ақ сахна төрінде қазақ халықтық биін классикалық әрі заманауи хореографиямен үйлестіре дамытушы педагог, зерттеуші Анвара Садықованың «қазақтың неохореографиясы» композициялары да жұртшылық көңілінен шықты. Бұл стиль ұлттық хореографияның тарихи дәстүрді жетелей отырып, жаңа дәуір тынысынан қалыспауын меңзейді.
Екі күн бойы классикалық өнермен сусындауға келген жұртшылықта есеп болмады. Әр нөмірді үлкен ықыласпен, қошеметпен қабылдаған Тараз көрермендері шығармашылық топқа табыс тіледі.
– Театр төріне келіп, әлемдік шығармалармен көрермен көңілінен шыққан әрбір әртіске алғысым шексіз. Уақытша данғаза «хит» әндердің жолы басқа да, мәңгілік өлмейтін классикалық өнердің жолы тым бөлек. Елдің атын асқақтатар асыл өнерді қолдаушылар көп болғай, – дейді қала тұрғыны Арман Бегалды.