Балдәурен шақтың базары

Көзді ашып-жұмғанша оқу жылы да аяқталды. Жыл бойы ұзақ оқу мен емтиханнан өткен әр бала демалысты асыға күтетінін ескерсек, олардың қайда және қалай демалатыны да маңызды.

Толғанай АТАБАЙ

Биыл аймақта балалардың жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында мектеп жанынан 392 лагерь өз жұмысын бастады. Өңірде табиғаты ерекше Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Меркі, Рысқұлов және Сарысу аудандарында орналасқан 4 мемлекеттік және 7 жеке меншік сауықтыру лагері жұмыс жасайды. Қала шетінде орналасқан барлық лагерьлер заманауи құрылғылармен жарақтандырылып, ойын және спорттық алаңдармен, бассейндермен жабдықталған. Сондай-ақ балалар үшін мектеп жанынан шатырлы лагерьлер, республикалық сауықтыру орталықтары, аулалық клубтар ашылған. Экскурсиялар, туристік бағыттар, спорттық жарыстар, үйірмелер мен еңбек жасақтары да жұмыс жасауда.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жазғы сауықтыру орталықтарында биыл 203107 бала тынығады. Оның ішінде 8046 бала ата-анасының қарауынсыз және аз қамтамасыз етілген отбасының балалары. Бүгінде облыс аумағында сауықтыру лагерьлері лек-легімен жеткіншектерді қабылдауда. Ағымдағы жылы балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына жергілікті бюджеттен 343 млн 311 мың теңге бөлінген.
Сонымен қатар мектеп жанынан балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 431 демалыс алаңы ашылған. Онда жасөспірімдер түрлі үйірмелерге қатысып, өздерін жан-жақты қырынан тануға мүмкіндік алатын болады.
– Әр лагерьде бүлдіршіндердің өз дәрежесінде тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті арнайы бекіткен бағдарламалары да бар. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы өзінің жұмысын бастаған болатын. Бүгінде орталықтың Көкшетау, Түркістан, Қапшағай қалаларында филиалдары ашылған. Бұл аймақтарға түрлі білім бәйгесінің үздіктері мен көпбалалы отбасынан шыққан белсенді оқушылар бара алады. Биыл облыстан аталған үш өлкеге 290 бала жолдама алды, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың аясында бюджеттік қаражат есебінен облыстың сауықтыру лагерінде 1030 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциясының есебінде тұрған 133 баланы сауықтыру жоспарланған екен. Басқарма өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Шу ауданына қарасты мектептерде ювеналды полиция есебінде тұрған кәмелеттік жасқа толмаған балалар әскери-спорттық лагерьлерде демалады. Ал мұндай демалыс орындары балалардың әскери тәрбие алып, түзелуіне септігін тигізбек.
Тоғыз ай бойы білім алған оқушының бойы мен ойын сергітуіне қолайлы жазғы демалыста қала сыртындағы лагерьлерге қажеттіліктің арта түсетіні белгілі. Мұндай орталықтың бірі – Жаңатас қаласынан 22 км қашықтықта орналасқан «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері. Талай жылдан бері жеткіншектерді қабылдап келе жатқан демалыс ошағына «Қазфосфат» ЖШС жыл сайын өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына жазғы маусымда 30 тегін жолдама береді. Орталықта 7 жастан 13 жасқа дейінгі балалар үш маусым бойынша демалады. Лагерьде балалар мен қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, асхана, медициналық орталық, ойын-сауық алаңы, жүзу бассейні, спорттық алаң және бақша бар.
– Тамылжыған жаз айларының балалар үшін әсерлі әрі пайдалы болғаны абзал. Қазіргі таңда балам «Жұлдыз» демалыс орталығында тынығып жатыр. Таудың қасында, бұлақтың басынан орын тепкен демалыс лагерінде балалар үшін бар жағдай жасалған. Тіпті мұнда хореография, спорт үйірмелері жұмыс істейді. Әрбір күнге атау беріліп, арнайы мәдени шаралар ұйымдастырылады екен. Жалпы бала денсаулығын, ой қабілеті мен спортқа бейімділігін нығайту шараларын дұрыс өткізу оның жаңа оқу жылын сергек бастауына септігін тигізеді деген ойдамыз, – дейді ата-ана Эльмира Елешова.
Бұдан өзге, қала сыртындағы сауықтыру орталықтарының ақылы түрде қызмет көрсететіні де анық. Алайда аймақтағы демалыс орындарының бағасы ата-ана үшін қолжетімді. Бастысы, баға бала демалысы үшін ешқандай кедергі болмағаны абзал.

Comments (0)
Add Comment