Әлеуметтік желіде Қарағанды мұз айдынында түсірілген видео тараған еді. Кадрлардан қарт әженің конькимен сырғанап жүргенін көруге болады. Зейнеткер Ақтас ауылында тұрады, бірақ конькимен сырғанау үшін 15 шақырым жердегі аудан орталығына әдейі келеді екен. Рысты Ілиясованың жасы қазір 83-те және спортпен кәсіби түрде шұғылданбаған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қолына таяқ ұстап, мұз айдынға шыққан әжейдің видеосы көпті таңқалдырған еді. Бірі зейнеткердің батылдығын жазса, енді бірі қобалжуын да жасырмады. Бірақ Рысты Ілиясованың сөзінше, өмірінің 80 жылын спортқа арнаған. Ал конькимен алғаш рет бала күнінде сырғанаған екен. Қазір мұзға шықпас бұрын түрлі жаттығулар жасап, дайындалатынын айтады.
«Балам жақсы коньки алып берді. Өткен жылы жиі сырғанаған едім. Биылдыққа бірінші рет мұзға шықтым. Мұз болмады. Бала күнімнен спортқа жақынмын. Конькимен, бокспен, биіктікке секірумен шұғылдандым. Петропавл түбіндегі ауылда тұрдым, онда барлығы спортты ұнататын. Алайда спортпен кәсби түрде айналыспадым. Әлі күнге дейін жүгіруге шығамын. Құрбыларым күледі. Ал бұл маған сергектік береді», – дейді Рысты Ілиясова.
Зейнеткер түрлі салада жұмыс істеген. Колхозда аспаз, сауыншы, малшы болып қызмет атқарған. Тіпті қой да қырыққан.
Рысты Ілиясованың баласы анасының көңілді әрі батыл адам екенін айтады. Ойға алғанын міндетті түрде орындайды дейді. Бораш анасын мұз айдынға жіберуге қорқатынын, бірақ басқа амалы жоқ екенін қосып өтті.
«Әрине, қорқамын. Сол жерде қолдау көрсетуге тырысамын. Дегенмен ол тыңдамайды. Мұз айдынға барма деп қанша айтсам да барады», – деді Бораш Ілиясов.
Әженің буындары сыр бере бастаған. Алайда жаттығу мен массаждан кейін бір орында отыра алмайды екен. Сонымен қатар саяси жаңалықтарды да қалт жібермейді. Елі үшін уайымдайтынын да мәлімдеді.
«Көп ұлтты еліміз аман болсын. Тыныштық болғай. Бізде адамдар жақсы, еңбекқор. Үйде отыра берудің қажеті жоқ, далаға шығып, спортпен шұғылданыңыздар», – деп аяқтады зейнеткер.
Қарағанды саябақтар басқармасында қарт адамдардың спортқа деген қызығушылығы өскенін айтады. Енді мұз айдынға арналған жүріс арбасын алуды жоспарлап отыр.