Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев бастаған депутаттар Мұрат Бердалиев, Орынқыз Жолдасова, Дүйсенкүл Керімбаева, Ирина Костина және Нұрлан Саурықов облыстық білім басқармасына қарасты балаларды қолдау орталықтарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулылары әуелі саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатына аялдады.
1968 жылы іргетасы қаланып, 150 балаға шақталған нысанда бүгінде 124 балғын білім алып, емдеу-сауықтыру шараларымен қамтамасыз етілуде. Оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен жете танысқан депутаттар нысан жұмысына көңілі толатындарын жеткізді.
Келесі кезекте халық қалаулылары балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебіне ат басын бұрды. Мекеме директоры Оспанбек Күнтубаевтың айтуынша, мұнда сот шешімімен жіберілген жасөспірімдер 1 жыл мерзімге орналастырылады екен. Бұл жерде олардың тәртібіне, сабағына баса мән беріледі. 35 орынға арналған нысанның материалдық базасы жеткілікті болғанымен, спорт алаңын салу мәселесі туындап отырған көрінеді. Арнаулы мектептің жай-күйіне етене қаныққан соң, Батырбек Әбдірәсілұлы балалармен аз-кем әңгімелесті.
Депутаттар бұдан кейін соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернатына бас сұқты. Тарихы сонау 1978 жылдан бастау алатын бейімделген білім ордасын бүгінде Гүлзира Тойшыманова басқаруда.
– Қазіргі таңда интернатта 100 оқушы жатып білім алуда. Олардың ішінде Шу ауданынан – 6, Мойынқұмнан – 1, Байзақтан – 10, Жамбылдан – 7, Жуалыдан – 2, Т.Рысқұловтан – 5, Меркіден – 2, Қордайдан – 1, Талас ауданынан – 2 және Тараз қаласынан 64 бала бар. Материалдық базамыз толықтай заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Десе де, ғимарат 10 жылдан бері күрделі жөндеу көрген жоқ. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, енді жөндеу жұмыстарының басталуына күтіп отырмыз, – дейді Гүлзира Жанысбекқызы.
Сондай-ақ мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, вокал, домбыра, жүзу, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, парадзюдо сынды үйірмелерге де қатысуларына мүмкіндіктері мол. Бүгінде 58 жасөспірім осы үйірмелердің игілігін көруде. Арасында республикалық додалардан олжалы оралғандары да аз емес.
Депутаттар ат ізін салған соңғы нысан ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты болды. Мектеп-интернатта осы оқу жылы бала саны 193 болып, 27 сыныпты құраған. Олардың дені Тараз қаласынан болса, 82-сі аудандарға тиесілі. Білім беру мекемесінде оқыту-тәрбиелеу процесінде оқушылардың психофизикалық дамуындағы ерекшеліктері ескеріліп, оқу үрдісіне танымдылық іс-әрекеттерін дамыту сабақтары, түзету ырғағы, емдік дене шынықтыру, тіл дамуындағы мүкістікті түзету (логопедия) сабақтары, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау пәндері енгізілген. Сонымен қатар кешенді емдеу, түзету, әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу мен оқытуға қажетті Алматы қаласындағы Әлеуметтік бейімдеу мен еңбекпен оңалту орталығының бастамасымен республикалық «Самұрық-Қазына» қоры демеушілік көрсетіп, мектеп-интернатқа сенсорлық және жұмсақ бөлме, «Дельфа» атты логопедиялық тренажерлары, дефектолог мамандарға арналған «EduQuest», «Нумикон» дамытушылық бағдарламалары орнатылған компьютерлерді тарту еткен.
Орталықтардың тыныс-тіршілігімен жақын танысқан мәслихат депутаттары көтерілген мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп, оның оңынан шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.
Құрбанәлі Шахабай