Балалар құқығы – басты назарда

«Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жинау мен зерделеу мәселелері бойынша көшпелі сараптамалық топ облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын. Міне, осы топтың үш күндік зерделеу жұмысы партия облыстық филиалының мәжіліс залында қорытындыланды.

Зере ҚУАНЫШ

Жалпы «Бақытты отбасы» партиялық жобасының өңірде орындалуымен танысу, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалардың қорғалуын қамтамасыз ету құралдарын енгізу, өңірлік деңгейде баланың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметін бағалау мақсатында келген арнайы топ үш күн ішінде Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Қордай, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Жиында осы үш топқа бөлінген комиссия мүшелері атқарған жұмыстарын жеке-жеке баян етті. Ең алдымен сөз алған «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина өздері болған аудандардағы бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Бұдан кейін сөз алған ҚР ІІМ Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев та тексеріс тобы болған Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы кемшіліктерді жайып салды.
– Ең алдымен Тараз қаласынан бастасам, облыс орталығындағы қиын балаларға арналған арнайы мектептің жайы жалпы көңілімізден шықты. Бірақ мұнда орналастырылған 32 баланың ішіндегі өзге өңірден келгендері мүлде жергілікті емханаға тіркелмеген екен. Сонда ертең оларға бір жағдай болып жатса немесе денсаулығы сыр берсе, олар қайда барып емделеді? Осы мәселені реттеу қажет. Екіншіден, мектеп директоры бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшелігіне енбепті. Бұл да дұрыс емес. Ондай мекеменің басшысы кеңес мүшелігінде міндетті түрде болуы қажет. Үшіншіден, мектепке бар-жоғы 4 қана бейнебақылау орнатылған. Мектепішілік қауіпсіздік үшін бұл аздық етеді. Сондай-ақ мектептің медицина кабинетіндегі құрал-жабдықтарды толықтыру керек, – деді полиция подполковнигі.
Тексеріс тобының жұмысын қорытындылаған «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі, топ жетекшісі Рысты Жұмабекова Шу ауданының мәселесін облыс әкімдігі тікелей бақылауына алуы қажеттігін, бейнебақылаулар білім мен тәрбие беру мекемелеріне толықтай орнатылуы керектігін және кешкі мектептерге кәмелеттік жасқа толмағандарды тіркеу мәселесін жіті зерделеу қажет екенін ескертіп, ерте жүктілік фактісі бойынша жылда көш бастап келе жатқан Жамбыл облысының жағдайына республика болып көңіл бөліп, өзге ұлт өкілдері арасындағы ерте некеге тұру оқиғаларының алдын алу жайын қарастыру қажеттігін баса айтты. Жиынға қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Рысты Маговьянқызының сөзін толықтай қолдайтынын жеткізіп, айтылған сын-ескертпелер бойынша нақты шаралар қабылданатындығын жеткізді.

Comments (0)
Add Comment