Әлеуметтік желілерде қазақстандық балалар үйіндегі бүлдіршіндерге COVID-19-ға қарсы екпенің мәжбүрлі түрде салынып жатқаны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Stopfake.kz сайтының жазуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство балалар үйіндегі бүлдіршіндерді сонымен қатар еліміздегі барлық балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналау ерікті түрде жүргізілетіндігін айтты.
«Вакциналау балаларға жауапты тұлғалардың жазбаша келісімінен соң ғана жүргізіледі. Ешқандай балалар үйінде 100% міндетті вакциналау жоқ», – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың арасында «мектеп оқушыларын ата-аналарының рұқсатына қарамастан вакциналайды» деген ақпарат тараған. Мұндай нормативтік-құқықтық акт туралы ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарған еді.