Балалар денсаулығын оңалтудағы жаңа қадамдар

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «Аяла» облыстық балаларды оңалту орталығына барып, 2025 жылы күрделі жөндеуден өткен екі қабатты емдеу корпусының жай-күйімен танысты.
Мұнда басқарма басшысына күрделі жөндеу аясында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, ғимаратта электр желілері толық жаңартылып, өрт дабылы және қауіпсіздік жүйелері орнатылған, есіктер, санитарлық тораптар мен инженерлік коммуникациялар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған.
Жөндеу жұмыстары балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ медициналық оңалту қызметтерін сапалы көрсетуге бағытталғаны атап өтілді.
Сержан Назарбек орталықтың бас дәрігері Айман Кабдрахимоваға бірқатар тапсырмалар мен міндеттемелер жүктеді. Атап айтқанда:
– күрделі жөндеуден өткен жатын корпусты толық көлемде іске қосып, оның тиімді әрі ұқыпты пайдаланылуын қамтамасыз ету;
– жөндеуден кейін ғимараттың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, ақаулардың алдын алу;
– күрделі жөндеуден өткен нысанда санитарлық, өрт және қауіпсіздік талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ету;
– балалардың тәулік бойы оңалтудан өтуіне қолайлы жағдай жасап, қызмет сапасын арттыру.
Сонымен қатар басқарма басшысы орталық инфрақұрылымын жаңарту бойынша алдағы жоспарларды нақтылау жөнінде нақты тапсырмалар беріп, алдағы жылы атқарылар жұмыстар легін белгіледі.
Comments (0)
Add Comment