Балалар ауруханасының болашағы баянды

«Денсаулық – зор байлық» дейді дана халқымыз. Ал осы баға жетпес байлықты сақтау мен нығайтуда медицина саласының алар орны айрықша екені белгілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен дені сау өскелең ұрпақтың қалыптасуы да аталған салаға тікелей байланысты.

Бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау жүйесі заман талабына сай жаңғырып, қарыштап келеді. Мемлекет тарапынан медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуына барынша жағдай жасалуда.

Бұл бағытта Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Мұнда күн сайын жүздеген маман бала денсаулығы үшін тер төгеді. Айталық, емдеу мекемесінде қазіргі таңда 118 білікті дәрігер, 386 орта, 254 кіші буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар 25 бөлімнен тұратын ауруханадағы төсек-орынның жалпы саны 552-ні құрайды.

Аурухана 2024 жылы өңірдің басты педиатриялық медициналық мекемесі ретінде өзінің биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айталық, өткен жылдың ішінде осында 46 мыңнан астам бала түрлі сырқатпен жүгініп, 20 мыңнан астам балғын дертіне шипа тапты. Ал ағымдағы жылдың 5 айының өзінде 7 000-нан астам бала емделіп шықты. Бұл көрсеткіш емдеу орталығының жұмысы жоғары қарқынмен жалғасып жатқанын айғақтайтыны сөзсіз.

Осы жылдың маңызды жетістіктерінің бірі сурдологиялық кабинеттің ашылуы болды. Бұл бөлім балалардың есту қабілетін ерте анықтауға және уақытылы емдеуге бағытталған. Сонымен қатар, наркоз қолданылатын балалар тіс емдеу орны іске қосылып, күрделі стоматологиялық араласуларды ауыртпалықсыз, қауіпсіз түрде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Ауруханада күрделі хирургиялық және нейрохирургиялық оталар да сәтті жасалуда. Әсіресе, балалар нейрохирургиясы бөлімінде VNS (Vagus Nerve Stimulation) жүйесінің заманауи 106-модельдері қолданылған оталар өңірлік медицинаның дамуындағы маңызды қадам десек, артық емес. Бұл құрылғылар жүрек соғысының жиілеуіне автоматты түрде жауап беріп, эпилепсиялық ұстамалар кезінде қосымша стимуляция беруге де мүмкіндік туғызуда.

Жаз мезгілі балалар үшін белсенді ойын мен демалыс кезеңі ғана емес, сонымен бірге түрлі дене жарақаттарының жиілейтін уақыты. Осыған байланысты қабылдау бөлімшесі мен жарақаттарды емдеу бөлімі (травмпункт) тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істеп, әрбір баланың өмірі мен денсаулығы үшін күресуде. Жарақат алған балаларға алғашқы көмек дер кезінде көрсетіліп, қажет жағдайда шұғыл операциялық көмек те ұйымдастырылады.

2020 жылы аурухана жанынан «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы да саланың дамуына серпін берді. Осыған дейін балаларымыз жолдама арқылы Астана қаласында ем алса, орталықтың арқасында сауықтыру шаралары Тараз қаласының өзінде жүзеге асырылуда.

Оңалту орталығы – сал ауруына шалдыққан және жүйке жүйесі мен тірек-қимыл мүшелерінің ақауы бар науқастарды нейрохирургиялық оталардан кейінгі оңалту, оларды медициналық, педогогикалық тұрғыда қалпына келтірумен айналысады. 80 адамға шақталған орталық неврологиялық, травматологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық төсек-орындарымен заманауи қондырғылармен, оның ішінде «Локомат», «Корвит», «Мотомед» құрылғыларымен, бассейнмен және механоүстелдермен толықтай жабдықталған. Балалар орталықта медициналық және педагогикалық ем-дом шараларын кешенді түрде алуда.

Орталықта осы күнге дейін 3 236 бала ем алып шықты. Оның ішінде 1 115 балғын – сал ауруына шалдыққан және жүйке жүйесі мен тірек-қимыл мүшелерінің ақауы бар науқастар. Тек Жамбыл облысы ғана емес, Павлодар, Қарағанды өңірлерінен де келген балалар сұраныспен ем алуда. Облысымыздың шалғай аудандарынан келіп жатқан балаларымыз үшін орталық қызметкерлері тәулік бойы қызмет көрсетуде.

Оңалту орталығы әкімшілік корпусының «Г» цоколдық, 1-ші және 2-ші қабатында орналасқан. Цоколдық қабат үш аяқты арнайы велосипедтермен жабдықталған және «Автодром» орналасқан. Ал 1-ші қабатта 2 хауыз, 2 емдік ванна, су асты душы, гидромассаж, галотерапия бөлмелері, жасанды тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, педагогтар бөлмелері бар. Бұған қоса 2-ші қабатта арнайы жабдықталған бөлмелер, 3 кинезотерапия залы, механотерапия залы және қажетті заманауи аппараттармен қамтамасыз етілген физиоем қабылдау бөлімшесі қарастырылған. Орталықта ем алу 2 кезең арқылы және амбулаторлық (АПП) түрде жүзеге асады.

Физиоем бөлімшесінде сал ауруына шалдыққан балалар үшін жеке оңалту бағдарламалары құрылып, оның негізгі міндеті дағдылар мен ептіліктер біртіндеп дамып, физикалық және әлеуметтік жағынан бейімдеп, әр балаға жеке-жеке техникасы қолданылады. Сондай-ақ моторлық қызметін жетілдіріп, жеке және әлеуметтік жағдайын дамытып, баланың жүйелі оңалту емі нәтижесінде қоғамға бейімделуіне септігін тигізеді. Емдік дене-шынықтыру нұсқаушыларының көмегі арқылы күнделікті балалармен жеке және жалпы емдік дене-шынықтыру жаттығуларын өткізіліп, әр баланың диагнозына қарай жеке тәсіл қолданылады. Сонымен қатар «Швед қабырғасы», «Кедергіден өту», «Оңалтуға арналған трансформер» емдік құрылғыларды да кеңінен пайдалануда.

Бұдан бөлек психолог, логопед, дефектолог, еңбек терапевті, эрготерапевт секілді мамандар тарапынан сал ауруына шалдыққан балалардың психоэмоционалдық жай күйін жақсарту мақсатында сөздік қорын молайту, шайнау бұлшықеттерін жақсарту, өзін-өзі күтуін қалыптастыру, ұсақ моторикасын дамыту, жалпы қоғамға бейімделуіне педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік жағынан барынша көмек көрсетіледі.

Орталығымыздың ерекшеліктерінің бірі – кондуктивті терапия. Кондуктивті терапия дегеніміз оңалту емдері кешенінің бір бөлігі. Емнің бұл бөлігінде балалар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, музыка арқылы денелері босаңсып, іс -қимылдарына ерік береді. Соның арқасында балалардың бірі қимыл, енді бірі көз, тағы бірі сөз арқылы қарым-қатынас жасайды. Осы ретте орталық ашылғалы бастап бүгінге дейін сал дертіне шалдыққан 50 балғын аяққа тік тұрып, алғашқы қадамдарын жасағанын қуанышпен айта кеткеніміз абзал.

Орталық 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды, жаңа туған нәрестелер де оңалтудан өте алады. Әр балаға қандай ем қажет екенін тар бейінді мамандардан тұратын мультидисциплинарлық топ анықтайды.

Көпбейінді балалар ауруханасы бүгінде жай ғана емдеу орны емес, мыңдаған ата-ананың үміті мен сенімі тоғысқан мекенге айналып отыр. Біз әр балғынды махаббат пен мейірімге бөлеп, олардың риясыз күлкісі мен ата-аналардың қуанышы үшін қызмет етуді бұлжымас міндетіміз санаймыз. Атқарылған ілкімді істердің нәтижесінде жүзіне күлкі үйіріліп, алғыстарын жаудырған ата-аналардың қатары күн санап артып келеді. Біз үшін бұдан асқан жетістік жоқ.

Ержан АБДЫХАЛЫКОВ,

Жамбыл облыстық көпбейінді

балалар ауруханасының бас дәрігері

Comments (0)
Add Comment