Бала – жағадағы құрақ

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернатында Мәдениет және өнер қызметкерлері мен кітапхана күніне орай «Мәдениет – мәңгілік өнер» атты жергілікті мәдениет қайраткерлерімен кездесу кеші өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен кешке облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева, облыс филармониясының әншілері Асылхан Шүңіреков пен Гүлшат Тінәсілова қатысты. Өз шығармашылықтарымен бөлісіп, жанарына ақау түскен балғындардың көңілін аулаған қонақтар кеш барысында балаларды жақын тартып, емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытты. Қос әнші бірде күміс көмей домбыраның күмбірімен ән әуелетсе, енді бірде бүлдіршіндердің сұрақтарына жауап беріп жатты.
– Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі. Мәдени талғам мен танымды қалыптастырып, халықтың алдында ән салу да бір бақыт. Бәріңізге бақыт тілейміз, – деп тебірене сөйлеген қос әнші бүлдіршіндердің құрметіне арнап тамылжыта ән салды. Өз кезегінде балғындар да өнерден құралақан еместігін көрсетіп, ән салып, би билеуге құштарлықтарын байқатты.

Жандары нәзік, жанары әлсіз балғындар әр дыбысқа секемшіл. Сондықтан болар әсершіл де. Олар үшін қонақтардың бос уақытында немен айналысып, қашаннан бастап ән салғаны, бала күнінде кім болғысы келгені – бәрі-бәрі қызық. Балғындар сан түрлі сауал қойып, ыстық ықыласпен айтылған жауаптарға дән риза пейілде қол соғып шаттанып қалды. Мұндағылардың бірінің жанары көзілдіріксіз көрмесе, енді бірі жарық сәулені байқап, адам жүзін шырамытады. Ал енді бірі мүлде көрмейді. Сондықтан жуас, сондықтан аялы. Бір-біріне қамқор көңілмен, бірін-бірі жетектеп жүреді. Әсіресе, осындай кештер олардың бір сәт болса да мерейін ашып, көңілдерін көтеріп тастайды. Саламат та осы мектепте білім алып жүр. Ол ән салып, түрлі байқауларға қатысқанды ұнатады екен.

– Маған ән салған да, тыңдаған да қатты ұнайды. Менің сүйікті әншім – Қуандық Рахым. Мен болашақта сүйікті әншімнің концертіне барғым келеді. Қуандық ағаның «Қазақ болып тумағанда не етер ем?» деген әнін сүйіп тыңдаймын. Сол әнді қазір салып берсем бола ма? – деп бала жүрегімен шарықтата шырқай жөнелді. Саламаттың қоңыр үні жан тербейді. Ол ән салғанда оның жаны жаралы, жанары әлсіз көреді дегенге сенгің келмейді. Оның осылай еркелей күліп, тамылжыта әндетіп жүргені осы мектептегі ұстаздарының еңбегінің жемісі болар деп түйдім.

Мектептің оқу бағдарламасы мен оқу жоспары жалпы білім беретін мектептің мемлекеттік функциясын орындайды екен. Оқу жоспарына емдік дене шынықтыру, түзету ырғағы, мимика және пантомимиканы дамыту, әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау, кеңістікті бағдарлау, көру қабілетін және көруді қабылдауды сақтау және дамыту, тіл дамуындағы кемшіліктерді түзеу кіреді. Мектеп-интернатқа облыс бойынша 7 жастан бастап диагнозына байланысты көздерінде ақауы бар балалар қабылданады. Қазіргі таңда мектепте 99 бала оқып тәрбиеленуде. Облыстағы аудандардан – 39, қаладан – 60 бала. Оның ішінде 58-і ұлдар болса, 41-і қыздар. Зағип оқушылар – 4, жетім – 1, мүгедектігі бар – 72, Л.Брайль жүйесінде 22 оқушы оқытылуда. Мектеп-интернатта 15 сынып, 9 топ бар екен. Оқушылардың көпшілігі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан және мүгедектігі бар. Бүгінгі таңда оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалып, киім және оқулықтармен толық қамтылған. Оқушыларды ән айтуға, сурет салуға, қолөнерге, спортқа бейімдеп, шығармашылық өнерін дамыту мақсатында мектепте домбыра, шахмат, қолөнер, қылқалам, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Жыл сайын өткізілетін республикалық және облыстық байқаулар мен жарыстарға қатысқан оқушылар жүлделі орындарды иеленіп жүргені де мақтаныш.

Мекемедегі арнайы мамандардың білім мен тәрбие берудегі негізгі мақсаты – баланың өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу, жасына, мүмкіндігіне, диагнозына сәйкес оңтайлы емдік, психологиялық-педагогикалық жағдай жасау және алған білімдерін жалғастырып, таңдаған мамандық иесі болуына колдау көрсету.

Comments (0)
Add Comment