Балаңызды жазғы мектепке бересіз бе?

    Қашықтан оқытудың жетістігімен қатар, кемшілігі де болғаны белгілі. Кейбір оқушылардың білім сапасы төмендеп, үлгерімі нашарлап кеткені де жасырын емес. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр жазғы мектептердің жұмысы ұйымдастырылған еді. Бұл биыл да өз жалғасын таппақ. Алайда осы мектептердің қызметі тиімді ме?

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жазғы мектептегі сабақ 1-8 және 10-сынып оқушылары үшін 26 мамырдан 17 маусым аралығы өтеді екен. Ал 9 және 11-сынып оқушылары сол кезде мемлекеттік емтихандар тапсыратындықтан, бұдан босатылған. Жалпы былтырғы оқу жылында өңір оқушыларының 30 пайызы жазғы мектеппен қамтылған.
– Жазғы мектептің мақсаты – оқу пәндері бойынша оқушылар арасындағы білім алшақтығын жою. Онда үлгерімі төмен оқушыларға назар аударылады. Мектепке кез келген оқушы ерікті түрде келіп, білімін арттыра алады. Әр мектеп өзіне ыңғайлап сабақ кестесін жасайды. Сабақтар облысымыздың барлық мектебінде ақысыз өтеді. Мұндағы сабақ кес- тесі мен жұмыс жоспарын мектеп бекітеді. Жоспарды педагогтар меңгерілуі күрделі деп ұсынылған тақырыптарды, бөлімдерді, кіші бөлімдер мен оқу мақсаттарын, диагностика нәтижелерін ескере отырып жасайды. Жазғы мектепте білім алушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды. Сонымен қатар жазғы мектеп жағдайында үй тапсырмасы берілмейді. Алайда мектеп кітапханасына, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, білім алушылардың танымдық ынтасын арттыру мақсатында қосымша ойын-сауық материалдарын, тест тапсырмаларын, шығармашылық сипаттағы дидактикалық материалдарды, аудиовизуалды құралдарды, презентацияларды, сараланған оқу тапсырмаларын пайдалану ұсынылады, – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Жазғы мектеп жөнінде қоғам пікірі екіге жарылған. Бірі балалар жазда тек демалуы керек десе, енді бірі бағдарламаға күмәнмен қарап отыр.
– Мен өзім былтыр жазғы мектепке жібермедім баламды. Онсыз да қазір бағдарламалар өте ауыр. Балалар жазғы демалыста демалғаны дұрыс деп ойлаймын. Оның орнына еңбек лагерьлері ұйымдастырылса керемет болар еді. Бұл, бір жағынан, демалыс, екінші қырынан, балаларды еңбекке баулиды. Ал мектепке барған бала жазғы демалысқа шыққанын сезінбей қалады. Оған қоса сабаққа баға қойылмайды не үй тапсыр- масы берілмейді. Құр уақыт өткізу. Ұстаз тоғыз айда бере алмаған білімді екі айдың ішінде баланың санасына сіңіреді дегенге сенбеймін. Мұғалімдер де, оқушылар да шаршайды бұдан, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Идрисова.
Меруер Абдыкадырова есімді ана болса, жазғы мектептің бағдарламасын алдымен жүйелеп алу қажеттігін айтады.
– Балам №36 орта мектепте бастауыш сыныпта оқиды. Қазіргі кезде бастауыш сынып бағдарламасы қиын. Кейде өзіміз түсінбейміз. Сондықтан 26 мамыр мен 17 маусым аралығындағы оқу негіздемесінің бағдарламасы не жөнінде екенін алдымен білу қажет. Бағдарламадан қалып қойған тапсырмаларды қайталау ма? Мүмкін лагерь ретінде қызықтырып ойын ретінде өте ме? Бәлкім, тәрбие сағаты ретінде балаларды жалықтырмайтындай сабақ өткізу мектеп жоспарында бар шығар? Соны алдымен жүйелеп алу қажет. Егер бала үшін пайдалы дүние болса, жазғы мектепке жіберуге болады. Бірақ бұл, бір жағынан, бір баланы екінші баланың алдында кемсіту сияқты да әсер беруі мүмкін, – дейді М.Абдыкадырова.
Ал оқушылар жазғы мектептен азарда-безер болып отыр.
– Жазғы мектеп туралы пікірімді айтсам, бұл, меніңше, дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі 25 мамыр күні соңғы қоңырау соғылады емес пе? Демек, осы уақыттан соң біз жазғы демалысқа шығуымыз керек. Әрбір бала жазды демалыс үшін күтеді. Оқушының жазға жоспарлары мен мақсаттары бар. Менде дәл солай. Сондықтан жазғы мектепке бармаймын, – дейді №54 орта мектептің 7 «А» сынып оқушысы Аяжан Айтбай.

Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда жазғы мектепке құлшынып тұрғандар аз секілді. Ата-ананың өзі егер бағдарлама қалыпты сабақ беру жүйесінен өзгеше болса ғана балаларын жазғы мектепке жіберуге келісіп отыр. Сондықтан мұндай жобаны жандандырмас бұрын оң-солын бағамдап алған жөн-ау.

Лаура АБАЙҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment