Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн

Тараз қаласында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны бастау алды. Іс-шаралар шымылдығы Тараз қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов саябағында «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» фестивалімен түрілді.

Шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, бөбекжай-бақша педагогтері, қосымша білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері қатысып, жалпы саны 5000-ға жуық бала қамтылды. Барлық білім беру ұйымдарына науқан шеңберінде атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары жолданып, кешенді шаралар атқарылды.
Бала құқығын қорғауға қатысты нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру бойынша жауапты мамандармен кездесу өткізіліп, білім саласының педагогтарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Бала құқығы – басты мақсат» тақырыбында бірыңғай онлайн сынып сағаттары өткізілді. Сондай-ақ №2,3,11,16 орта мектептерінде «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты флэшмоб ұйымдастырылып, оған жалпы 9478 оқушы мен 59 педагог қатысты. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған балалар мен отбасыларға «Қызу желі» қызметі ұйымдастырылды. «Жазғы демалыс кезінде лагерьлерге бару жолдары» деген секілді сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар берілді. Сонымен қоса мектеп жанындағы демалыс алаңдарына қамтылған 2489 білім алушыларды қатыстыра отырып, адам саудасының алдын алу және жыныстық сипаттағы қылмыстар, бала еңбегін қанаушылық тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ақпараттық науқаны аясында білім нысандарында ақпараттық бұрыш жасалып, ақпарат парақшалары онлайн форматта оқушы мен ата-ана назарына ұсынылды. Әлеуметтік желі мен интернет ресурстарына бұл бойынша мәліметтер орналастырылып, әзірленген жоспар негізінде өткізілген іс-шаралар, қысқа метражды фильмдер, роликтер әлеуметтік желі және WhatsApp мессенджері арқылы таратылды. Сондай-ақ оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы құқықтық актілер, заңдар мен кодекстерінен тиісті баптар жиынтығы ата-аналар қауымының WhatsApp чаттарына жолданды.
Жоспар шеңберінде Тараз қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен 11-12 маусым күндері «Бала еңбегі қаналмасын» атты жабайы сауда орындарына және ойын-сауық кешендеріне күндізгі уақытта және «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу рейдтік іс-шаралары өткізілді. Тұрмысы қолайсыз отбасыларының үй тұрмыстық жағдайларын зерделеу шаралары, құқықтық көмек көрсету бойынша Тараз қалалық жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Балалардың еңбектері заңсыз пайдалану, еңбектерінің қаналуы бойынша деректер анықталмады. Дегенімен түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 6 жасөспірім ұсталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді.
11 маусым күні мектеп жанындағы лагерьлерде бос уақыттарын тиімді өткізіп отырған білім алушылармен «Нұрлы болашақ» тақырыбында бірінші кезеңнің жабылуы мен «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқан аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.
Білім мекемелерінен алынған мәліметтерге сәйкес, жайсыз отбасының жұмыссыздарына арнап Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы тұрақты жұмыспен қамту бойынша ашық есік күнін өткізуді жоспарлауда.

Ж. Сейтжапарова,
Тараз қаласы әкімдігінің Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қоғау жөніндегі комиссия хатшысы

Comments (0)
Add Comment