Халықаралық балаларды қорғау күнін тараздықтар ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Мерекелік шараларға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысты. Әуелі аймақ басшысы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілердің өнерін тамашалады.
– Бала – біздің болашағымыз. Бұл күн – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімге толы мереке. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың тәтті қылығымен ерекшеленеді. Біз, ересектер балаларға әрдайым қамқорлық танытып, құқықтарын қорғап, мейірімді болуға, оларға ізгі жолды көрсетіп, жақсы тәрбие беруге тиіспіз. Осындай өнерлі және талантты балалардың қалыптасуы жолында еңбек етіп жүрген орталықтың тәрбиешілеріне алғыс айтқым келеді. Барша балаларды шын жүректен мерекемен құттықтаймын, армандарыңыз орындалып, өмір жолдарыңыз ашық болсын. Оқуда озат, үздіктердің қатарынан көріне беріңіздер, – деп облыс әкімі балаларға естелік сыйлықтар табыс етті.
Айта кетейік, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау бойынша жүзеге асып жатқан «Мейірім» жобасы аясында облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшылары осы орталықтың бірқатар тәрбиеленушісін қамқорлығына алған.
Бұдан соң облыс әкімі мен шаһар басшысы Қ.Рысқұлбеков және Орталық саябаққа ат басын бұрды. Балалар мерекесіне орай облыс орталығында көрмелер, шығармашылық фестивальдер, спорттық жарыстар, қолөнер және сурет салу бойынша шеберлік сыныптары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тегін балмұздақтар таратылды.
Сондай-ақ осы күні «Ана мен бала» скверінің маңында «Біздің болашағымыз» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі лебізін жолдады.
– Дана халқымыз «Бала – артта қалған ізің» деп ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Жер бетіндегі қай халық болмасын Отанының тыныштығы мен ұрпағының амандығын, саулығын алғашқы орынға қояды. Егемен елімізде болашақ қамы үшін жасалып жатқан игі істер аз емес. Жыл сайын елде салынып жатқан спорттық нысандар және балалар ойын-сауық алаңдары мен балабақшалар, жаңғыртылған немесе жаңадан ашылып жатқан мектептер – ел тыныштығының жемісі. Ел ертеңі – жас ұрпаққа сапалы білім беріп, ұлт денсаулығы мен сәбилердің шат күлкісі жолында еңбек ету – әрбір адамның азаматтық міндеті. Тәуелсіз мемлекеттің маңдайалды ұл-қызы туған жердің шынайы патриоты болып өсетініне сеніміміз мол, – деді шаһар басшысы.
Келесі кезекте шараның өзге де қонақтары жылы тілектерін арнап, балғындардың өнеріне куә болды.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы