Бүгін таңғы сағат 7:20 шамасында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында жарылыс болды. Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Аталған жағдайға байланысты облыс әкімдігі ресми ақпарат таратты.
«Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді.
Жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта орын алды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты.
Алдағы уақытта да бұндай жағдайлар орын алу мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады» – делінген ресми хабарламада.
Бүгінде 26 тамызда өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жағдай облыс басшылығының бақылауында. Оқиға орнында облыс басшылығы және тиісті мамандар жұмыс жасауда.