Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті.
Жамбыл облысында Байзақтағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан қайтыс болғандарға ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ескерткіш тақта Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөлімде ашылды. Ол жерде төтенше жағдай кезінде қайтыс болған 17 адамның аты-жөні жазылған.
Мемориалдың ашылуына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығы қолбасшысың бірінші орынбасары-штаб бастығы Абай Жолдасов, Оңтүстік аймағының әскери прокуроры Асқар Байсалбаев, Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Ермек Момбаев қатысты. Сондай-ақ шараға төтенше жағдай кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары келді.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі қаза болғандарды бір минут үнсіздік жариялап еске алудан басталды.
Қауіпсіздік күштері өкілдері мен марқұм болған азаматтардың туысы қаза болғандардың ерлігін еске алып, сөз сөйледі.
Сондай-ақ Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында да тағы бір ескерткіш тақта орнатылды. Ол жерде жарылыс кезінде қайтыс болған Байзақ ауданы тумасы – Оразбек Дәлібаев, Еркін Нәдірбеков, Марат Мешінбай, Арнұр Темірболатов, Әділбек Әділет, Кеңес Әліби, Елдос Сандыбаев, Ерлан Қырғызалиевтың аты жазылған.
Айта кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.
2021 жылдың 29 қазанында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді.