Байзақтағы берекелі істер көңіл қуантады

Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Аймақ басшысы әуелі Сарыкемер ауылындағы 5 қабатты, 60 пəтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен және оларға тартылған газ жүйесі мен маңындағы каналды бетондау жұмыстарымен танысты. Облыс басшысы жаңа тұрғын үйлерге балалар алаңшасын салу мәселесін кешенді түрде ұйымдастыруға басымдық беріп, жұмыстың сапалы аяқталуын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Келесі кезекте аймақ басшысы Сарыкемер ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық емханаға ат басын бұрып, материалдық-техникалық базасы мен медицина қызметкерлерінің жұмысына қанықты. 3 блоктан және зертханадан тұратын заманауи емхана жылына 330 мың келушіні қабылдауға қауқарлы.
Жұмыс сапары барысында Сарыкемер ауылындағы қуаты «2х16000 кВА ВЛ-35 кВ 35/10 кВ ҚС 2 тізбекті желі 35 кВ» құрылыс нысаны да әкім назарынан тыс қалмады. Мердігер – «АСБ Электромонтаж» ЖШС өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Дегенмен нысанды 2023 жылға аяқтау үшін тиісті қаражат мәселесі туындаған. Аймақ басшысы аталған мәселені назарға алатынын жеткізді.
Ербол Қарашөкеев Сарыкемер ауылындағы Байзақ аудандық білім бөлімінің Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Аталған білім ошағында бүгінгі таңда 2 170 бала білім алуда. 1 сыныптың өзіне 300 оқушы келген. Биылғы түлектерінің 70 пайызы грантқа оқуға түскен. Білім ошағындағы оқушылардың ғылыми, спорттық жетістіктерімен танысып шыққан облыс басшысы бала орнының тапшылығына қатысты мәселені де назарына алды.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы облыстың тарихи-мәдени ескерткішінің бірі – Байзақ датқа кесенесіне соғып, баба рухына құран бағыштады.
Облыс әкімі келесі кезекте Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Агрохолдинг Аspan» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің егіс алқабына аялдап, 250 гектар жерде жаңбырлатып суару жүйесі арқылы қант қызылшасын өсіріп отырған шаруалардың жұмысына жоғары бағасын берді. Кооператив басшысы Әлібек Манатовтың айтуынша, алқапқа қойдың жүнінен өндірілген тыңайтқыштар пайдаланылған. Нәтижесінде қант қызылшасының да, дәндік жүгерінің де өнімділігі артқан. Шаруалар қызылшаның жиын-терін науқаны қараша айының басында басталатынын айтты. Ербол Шырақпайұлы өз кезегінде алдағы уақытта кооператив алқабында ауқымды түрде «Егістік күнін» ұйымдастыруды жүктеді.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment