Елді мекендердің бойына нәр жүгіртіп, көкжиегін кеңейту қашанда кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Бұған мемлекет тарапынан да қыруар қаржы бөлініп, айрықша назар аударылуда. Соның арқасында шалғай ауылдар да инфрақұрылымның игілігін сезініп, коммуналдық қызметтің қызығына кенелуде. Бұл тұрғыда Байзақ ауданында да берекелі істер қолға алынған. Бүгінде Байзақ ауданындағы 43 елді мекеннің 30-ы ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 27 елді мекенге «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, 3 елді мекенге «Теміржол су» ЖШС қызмет көрсетуде.
Алайда елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес бүгінгі күні аудан аумағындағы 13 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған. Атап айтқанда, олар – Аққия, Сарыбарақ, Қосақ, Ботамойнақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік, Ақтөбе, Төрткөл, Жаңасаз, Шахан, Қайнар, Төрегелді ауылдары. Дегенмен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 8 елді мекенге ауыз су жүйесін жүргізуге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Осыған орай 2022 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру мақсатында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлығы 2 644 950 мың теңгені құрайтын бюджеттік өтінім жолданды. Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігерлер анықталған. Қазіргі жоғарыда аталған 8 елді мекенде құрылыс жұмыстары басталуда. Сондай-ақ, аудан аумағындағы Төрткөл, Қайнар және Жаңасаз ауылдары халық саны аз елді мекендерге жатады. Қайнар ауылында 23 аулада 128 тұрғын, Төрткөл ауылында 52 аулада 290 тұрғын, Жаңасаз ауылында 38 аулада 278 тұрғын қоныстанған. Осы мәселелерді ескере келе, аталған ауылдарға суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланып отыр. Ал, Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауыз сумен қамту бағытында жобалық- сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұған қоса Жамбыл облысындағы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес Шахан ауылын Сарыбарақ ауылы арқылы орталықтандырылған ауыз сумен қамту көзделуде. Қазіргі таңда Сарыкемер ауылында – 3 036, Байзақта – 673, Таласта – 584, Қостөбеде – 295, Бурылда – 1 331, Жаңатұрмыста – 90, Көкбастауда – 204, Сеңкібайда – 121, Базарбайда – 180, Үлгіліде – 332, Қызыл жұлдызда – 715 аула орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Өңірде бүгінде жол жөндеу жұмыстары да қарқын алуда. Айталық, аудан аумағында бүгінде 736,17 шақырым жол бар болса, оның 132,07 шақырымы аудандық, 134 шақырымы облыстық, 49 шақырымы республикалық маңызы бар тас жолдар. Сондай-ақ 421,1 шақырымы елді мекен көшелеріне тиесілі. Соған сай 2021 жылдың қорытындысы бойынша аудандық маңызы бар жолдардың жалпы үлесі 95 пайызды құраса, елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 91,4 пайызға жетті. Ал 2022 жылы аудандық маңызы бар жолдардың үлесі – 96, елді мекен көшелері 92,3 пайызға жеткізілді. Қазіргі таңда орта жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылды. Тағы бір айта кетерлігі, елді мекен көшелері бойынша 290,8 шақырымды құрайтын 314 көше жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 130,3 шақырымды құрайтын 146 көшенің жай-күйіне көңіл толмайды.
Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы 1 071,1 миллион теңгеге 56 шақырымды құрайтын 49 көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Олардың қатарында Сарыкемер, Ботамойнақ, Мырзатай, Сеңкібай, Дихан-2, Абай, Көктал ауылдарының көшелері бар. Осы орайда былтыр жалпы сомасы 13 119,7 мың теңгеге 17 аудандық маңызы бар автомобиль жолының, атап айтқанда 2 385 шаршы метр аумағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдарға 37 дана жол белгілерін орнату жоспарланып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер ретінде «СМЭУ» ЖШС анықталды. Мердігер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудандық маңызы бар автожолының бойында орналасқан мектептердің алдына 8 дана жасанды жол кедергісі орнатылды. 2021 жылы 56 дана жол белгілері орнатылған болатын.
Жолды салып қана қоймай, оның сапасын тексеру де аса маңызды. Осы мақсатта былтыр «Жол активтерінің Сапа орталығы» мен 7 529 мың теңгеге келісім шарт жасалды. Аталған орталыққа жөндеу жұмыстары жүргізілген соң сол жолдардың сапасына қорытынды жұмыстарын жүргізуге аудандық сессия отырысының бюджетті нақтылау кезінде 2 000,0 мың теңге қаражат қарастырылып, қалған 5 529,0 мың теңгесі өтпелі кезеңге қалдырылған болатын.
Байзақ ауданында аудандық маңызы бар 132,07 шақырым автомобиль жолын 2022 жылға күтіп ұстау үшін жалпы сомасы 15 миллион теңгеге «Рауан» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмысына қажет 300 тонна тұз, 800 текше метр құм, 30 мың литр дизель отыны, 15 мың литр бензин дайындалған.
Жалпы бұған 15 техника жұмылдырылады. Оның ішінде қар тазалағанға – 3 дана автогрейдер GR – 215, автогрейдер MG-185, автогрейдер ЖЗ-98В001-01, 2 дана жүк тиегіш – LW – 500, 3 дана Камаз-65115 самосвал, 1 дана пескоразбрасыватель МТЗ-82.2, 3 дана трактор МТЗ – 80, 3 дана Камаз-Ко-823 арнайы техникалары дайындалып, жылы боксқа кіргізілген және инертті материялдар бастырма астына жиналған. 2022 жылы 16 және 28-29 қарша күндері құм, тұз себу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар былтыр қазан айынан бастап аудан аумағынан Шахан-Сарыкемер, Көкөзек-Сарыкемер қоғамдық көлігінің жүрісі ұйымдастырылды.
Ауданда елді мекендерді газдандыру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша елдімекен тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында 99 пайыз көрсеткішке қол жеткізілген болатын. Айталық, Төрткөл ауылына былтыр Жамбыл облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық орта қысымды газ құбыры жүргізіліп, газ реттегіш шкафы орнатылды. Сонымен қатар аталған ауылдың көшелеріне газ жүйесі жүргізілді. Қазіргі таңда аудан бойынша елді мекен тұрғындары көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілді.
Электр энергиясымен қамту бағытына келер болсақ, Байзақ ауданы аумағында 18 ауылдық округ, 43 елді мекен бар. Жалпы көше саны 434, оның ішінде 280 көше жарықтандырылған, 154 көше жарықтандырылмаған.
2022 жылы жергілікті бюджет есебінен Мәдімар, Қостөбе, Бурыл, Жанатұрмыс, Үлгілі, Көктал ауылдарына көше жарықтары орнатылды. Сарыкемер ауылдық округіне 970 миллион теңгеге подстанция орнату жоспарлануда. Байзақ ауданының даму жоспарында 2 мектептің аумағын жарықтандыру бекітіліп, қазіргі таңда мұндағы жұмыстар толықтай аяқталған.
Байзақтықтарды баспанамен қамтуға да баса көңіл бөлінуде. Аудан аумағында көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрамы 12 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып, азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке 1 990 азамат тіркелген. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, I және II-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар, көпбалалы, толық емес жанұялар, ҰОС қатысушылары мен мүгедектері бар.
Байзақ ауданы бойынша 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспарына сәйкес жылыту маусымына дейін 4 штаб отырысы өтті.Аудан аумағында жалпы139 бюджеттік мекеме нысандары бар. Олардың 99-ы газбен, 40-ы қатты отынмен жылытылады. Аудан көлемінде білім бөліміне қарасты 44 білім беру нысаны орналасқан. Оның ішінде 38 нысанды қазандық қарастырылса, 4 қазандыққа «Жамбыл Жылу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны қызмет көрсетуде. 2021 жылдан бастап 4 қазандыққа «Байзақ су» мекемесі қызмет көрсетеді
Қазіргі таңда Қаржы министрінің 2020 жылғы «01» шілде айындағы №647 бұйрығына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі теңгерімінен 25 қазандық нысандарын аудандық коммуналдық меншікке қабылдау бойынша өткізу-қабылдау актісі әзірленуде.
2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының кедергісіз өткізу мақсатында, мектеп қазандықтарына Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері және ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілуде және тұрақты бақылауға алынған.
Ауданда тазалық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Байзақ ауданы әкімдігімен «Қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру екі айлығын өткізу туралы» 2022 жылы 17 тамызда №324 қаулысы шығарылған. Осы қаулының негізінде аудан аумағында екі айлық : 2022 жылдың 1 қыркүйегінен 31 қазанға дейінгі аралықта өткізіліп, 9 сенбілік ұйымдастырылды. Аталған қаулылардың 1-қосымшасына сәйкес аудандық штаб құрылып, 2-қосымшасына сәйкес орындалатын іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарланған абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына аудан аумағында орналасқан бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері өз үлестерін қосты. Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен 2 тонна әк алынып, екі айлыққа қатысушы мекемелер мен бөлімдерге таратылып берілді.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экология департаментімен ағымдағы жылы жүргізілген ғарыштық мониторингі барысында аудан аумағынан 24 кездейсоқ қоқыс орыны анықталған. Аталған қоқыс орындары бойынша бөлім және ауылдық округ әкімдерінің бірлесуімен санитарлық тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, қоқыс орындары толық жойылған.
Ауылдық округтерден шығарылған қоқыс қалдықтар 2006 жылы қаңтар айында құрылған «Алди и К» ЖШС-нің полигонына тасылмалданып отырады. Жылына орта есеппен 8 мың тонна күл қоқыс тасымалданады. Полигон Сарыкемер ауылынан 3 шақырым қашықтықта 13 гектар аумақта орналасқан. Жобаға сәйкес полигонның сиымдылығы – 120 мың тонна.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан «IV санаттағы обьектілеріне қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат» құжаттары алынған. Сонымен қатар, полигонда қағаз, шыны және полиэтиленді қалдықтарды бөлек сұрыптау жұмыстары жүргізіліп, қайта өңдеуге жолдануда. Ал тал кесу бойынша 15 азаматтан өтініш түсіп, 18 тал кесіліп, 41 ағаш тал санитарлық мақсатта қырқылды.
Бұл Байзақта атқарылған ілкімді істердің бір парасы ғана. Әлі де өңірді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар өз жалғасын табады.
Жарқынбек Шогалов,
Байзақ ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы