Қазіргі таңда облысымызда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен ықшамаудандар салынуда. Айталық, жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.
Соның бір дәлелі – күні кеше Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында жалпы 240 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қоныстой иелерін құттықтап, баспана кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Облыс әкімі баспана мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың негізінде тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қоныстой иелері де өз кезегінде шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.
– Қуанышымызда шек жоқ. 9 жыл үй кезегінде тұрдым. Бүгін 3 бөлмелі пәтерге ие болу бақыты бұйырды. Мемлекеттің қолдауына мың алғыс, – дейді 8 баланың анасы Нағима Еділханқызы.
Жаңа тұрғын үйлер «Әл-Фараби» ықшамауданында бой көтерген. 4 тұрғын үйде 1 бөлмелі – 80, 2 бөлмелі – 80, 3 бөлмелі 80 пәтер қарастырылған.
Баспаналар көпбалалы, толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.
Бүгінде Байзақ ауданында 3 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, биыл 120 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.
2023 жылы 1 100 пәтерлі 19 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілсе, биыл 2 569 пәтерлі 51 баспананы пайдалануға беру міндеті тұр. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынады.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ