Байзақтағы 43 елді мекеннің 42-сі көгілдір отынның игілігін көріп отыр

  Байзақ ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асыру мақсатында былтыр 3 жоба жүзеге асты. Соңғы үш жыл ішінде 444 жер телімі таратылды. Енді 2023 жылдың соңына дейін мың азаматқа жер телімін беру жоспары бар.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов айтты. Оның сөзінше, тұрғын үй құрылысы үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар алынып жатыр екен. Аудан тұрғындарының 75 пайызы егін немесе мал шаруашылығымен айналысады. Егін мен жайылымдық жер тапшылығына байланысты жер телімдерін беру жұмыстарын 2023 жылдан бастап тоқтату көзделуде.

«Кезекте тұрған азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында Сарыкемер ауылына көпқабатты 10 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, өтінім жолданды. Бұл жоба іске асса, 600 азамат пәтермен қамтылатын болады. Өткен жылы елді мекендерге газ тартуға облыстық бюджеттен 830 млн теңге бөлінді. Аудандағы 43 елді мекеннің 42-сі көгілдір отынның игілігін көріп отыр», – деді Бақыт Алпысбайұлы.

Ол қалған 1 елді мекенге биыл орта қысымды магистралды газ құбыры жеткізілетінін атап өтті. Оған 639,3 млн теңге Ұлттық қордан қарастырылуда. Содан соң 2025 жылға дейін табиғи газ тартылған елді мекендердегі барлық ауланы газға қосу, әлеуметтік нысандарды толығымен газ жүйесіне ауыстыру бағытында жұмыстар атқарылады.

Comments (0)
Add Comment