Бұрындары мұндай болмады ма, болса да аз ба еді, әлде біз ести бермеуші ме едік, білмейміз… Әйтеуір, соңғы жылдары мектептің айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Өкінішімізге қарай, білім ордаларындағы әлімжеттік, буллинг, жазатайым жағдайлар, оқушылардың өз-өзіне қол салуы жайлы ақпаратты жиі еститін болдық. Оған енді астан улану фактілерінің де көбейіп бара жатқаны қосылып отыр.
Олай дейтініміз, апта басында ғана Байзақ ауданы, Мырзатай ауылының орта мектебінде оқушылардың тамақтан улану оқиғасы тіркелді. Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, 11 қараша күні таңертең балалар мектептің қарсы бетіндегі дүкеннен жылдам дайындалатын тағамдар алып, тұтынған. Арада 1-2 сағат өткен соң балаларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған.
Облыстық білім басқармасының ресми мәлімдемесі бойынша, барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тексерістен өткен. Абырой болғанда балалардың жағдайы тұрақталып, нашарлау белгілері байқалмаған. Оларға тиісті ем-шаралар көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған. Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебін анықтау бойынша жұмыс басталған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім басқармасының басшысы, аудан басшылығы оқиға орнына барған.
Байзақ ауданында осыған ұқсас жағдай 2023 жылдың қараша айында да болған еді. Ол жолы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 44 оқушысы мен екі мұғалімі улану белгілерімен ауруханаға түсіп, облыстың атқамінерлерін аяғынан тік тұрған болатын.
Әуелде 33 оқушы мен екі ұстаз орталық ауруханаға улану белгілерімен түседі. Оларға «тамақтан улану, жіті ішек инфекциялары» деген диагноз қойылады. Сол күні мобильді бригадалар ұйымдастырылып, дәрігерлер мен учаскелік медбикелер үй-үйді аралап, аталған мектепте оқитын оқушылардың барлығын тексеріп шығады. Нәтижесінде үй жағдайында тексерілген 350 баланың 11-інен тамақтан улану белгілері анықталып, олар да амбулаториялық емге жатқызылады. Осылайша астан уланған оқушылардың саны 44 балаға жетеді.
Ол жолы ауданның атқамінерлері аталған мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкер аудандағы тағы 12 мектепке қызмет көрсететінін, алайда балалардың өзін жайсыз сезінуі тек осы мектепте байқалғанын айтқан еді. Сондай-ақ сол күні мектеп асханасынан 463 бала тамақтанған болса, соның 44-нен ғана улану белгілері анықталғанын жеткізген. Сол тұста «мектеп оқушылары асхана асынан уланбаған» деген де байлам жасалды. «Егер асханада дайындалған тағамнан уланған болса, сол күні тамақтанған барлық баладан белгілері байқалуы керек еді» деген уәж айтылды. Осылайша ел ішінде оқушылардың бірінің туған күні болып, қуаныш иесі пицца, торт сынды тәтті тағамдар әкеліп, сыныпта отырыс ұйымдастыруы мүмкін екені, сол астан мұғалімдер де ауыз тиіп, оқушылармен бірге уланғаны да айтылды.
Емханаға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі барып, арнайы құрылған комиссия да жұмысын бастаған. Ал құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді тергеуге алған. Осы оқиғадан кейін білім саласына жауаптылар етек-жеңін жинап, бір сабасына түседі деп күткенбіз. Алайда о баста күдікті ретінде танылған жеке кәсіпкермен байланысын үзген мектеп 2024 жылдың басында 76 миллион теңгеге қайта келісімшарт жасағаны туралы ақпар тарап, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Осымен сол қазан жабулы күйі қалып қоя берді.
Ал бұл жолы білім саласына жауаптылар улануға балалардың өздері кінәлі екенін ашық айтып отыр. Оған мектеп маңындағы дүкеннен алынған тағам себеп болғанын да жасырмады. Оқиғаға байланысты зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебін анықтау бойынша жұмыс басталғанын жоғарыда атап өттік. Сондай-ақ мерзімі өткен тауарды сатқан дүкенге қатысты да тексеріс жүргізілуде.
– Қазіргі уақытта заң аясында тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте осы іс әрекетте қылмыстық іс бар-жоғын анықтау үшін, біздің тарапымыздан Байзақ аудандық полиция бөліміне хат жолданды, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.
Қалай болған күннің өзінде де жағдайға кімнің кінәлі екенін тексерістердің қорытындысы шыққан соң ғана білеміз. Дегенмен…
Ашығын айту керек, мектепке бара жатқан, келе жатқан оқушылардың дүкеннің тамағын жеп, сусынын ішіп бара жататынын үнемі көреміз. Әсіресе, қытайдың қызылды-жасылды кәмпиттері балалар арасында үлкен сұранысқа ие. Дүкенге кіре қалсаңыз, сыртына иероглифтер қаптаған тәттілерді ұстап, кассаның алдында топырлап тұрған балаларды көресің. Олардың сапасына, санитарлық талаптарға сай келу-келмеуіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ деуге де болады.
Алайда оқу ордасының жанында қызмет ететін ол дүкенге қойылар талаптар бар емес пе? Оның сақталуын кім қадағалайды? Егер дәл осындай жағдай қайталанса, тағы сатып алған оқушыны кінәлаймыз ба? Әлде қалтасына ақшасын салып берген ата-анадан көреміз бе?
Жалпы, мектеп маңайындағы сауда нүктелеріне қатаң қадаға қажеттігін ата-аналар да біраздан бері айтып келеді. Бұл жайлы әлеуметтік желілердің «шулап» жатқанына да біршама уақыт болды. Ондағы айтылып жатқан пікірлердің барлығы «Дүкендердегі сатылатын тауарларға қатаң талап қойылуы керек. Білім ордаларының маңындағы сауда нүктелерін жауып, оқушылардың тек асханадан тамақтануын міндеттеу қажет» дегенге саяды.
Мәселен, Гүлпар Қапбарова есімді желі қолданушысы: «Мектепке жақын сауда дүкендері барлық ауданда орналасқан. Баланың тек мектеп асханасынан тамақ алып ішуін қадағалап, айтып отыру керек. Дүкендерде қолдан жасалған бәліш, сэндвич секілді тағамдар, қытайдың түрлі-түсті тәттілері тұрған соң, бала қызығып алады. Бірақ оның қандай қолдан шыққаны, ішіндегі ингредиенттері таза ма, білмейміз ғой. Сатушыларға саудасы жүрсе болды. Сол үшін мектепке жақын сауда орындарына ескерту жасау керек немесе жабу керек», – деген пікірін білдіріпті. Бұдан артық айта алмаспыз.
Ал облыстық білім басқармасы: «Балаларыңыздың денсаулығын сақтау мақсатында мектеп маңындағы дүкендерден және белгісіз сауда орындарынан алынатын тез дайындалатын тағамдарды тұтынуды шектеуді, үйден қауіпсіз және балансты тамақ беруді, балаларыңызға дұрыс тамақтану мәдениетін түсіндіруді сұраймыз. Балалардың денсаулығы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», – деген үндеу тастап отыр.
Алайда заңға сәйкес рұқсатын алып, кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкердің дүкенін жауып тастауға ешкімнің құқығы жоқ. Сол секілді, ол жерден «тауар сатып алма» деп ешкімге, әсіресе балаларға тыйым сала алмайсыз. Демек, бұл мәселені шешудің жолы – қойылатын талаптарды заңнамалық құжаттар арқылы қатаңдату болмақ. Бұдан бөлек, балалардың астан улануы тек Байзақ ауданында ғана жиілеп кеткені де ойға қалдырмай қоймайды.