Байрақты бәсеке басталды

Түркия мемлекетінде тоғызқұмалақ пен мангаладан әлем біріншілігі жалауын желбіретті.

Толғанай АТАБАЙ

Бір жетіге жоспарланған халықаралық додаға әлемнің 19 елінен спортшылар қатысуда. Әсіресе, төл ойынға қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірген шетелдік спортшылар қатары қалың. Мәселен, биылғы аламанға Румыния спортшылары тұңғыш рет тоғызқұмалақтан әлемдік аренада шеберліктерін көрсетпек. Жарыстың ашылу салтанатында өзге мемлекет өрендерінің қазақ ұлттық ойынына деген қызығушылығы жайында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының өкілі, «Жамбыл облыстық тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батырбек Құлекеев айтып өтті.

– Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде осынау ұлттық спорт түрі жақсы насихатталып жатыр. Мәселен, Қырғызстан мектептерінде тогузкоргоолдан олимпиада өтеді. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Сондай-ақ көршілес Алтайда, Қарашай-Шеркеште, Сахада үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде тоғызқұмалақ ойналып жатыр деген дерек бар. Белгілі тоғызқұмалақ маманы Мақсат Шотаевтың айтуынша, қазір бұл ойын интернет арқылы да жедел дамып келе жатыр. Тоғызқұмалақ қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, облыс әкімшіліктерінің қолдауының арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жетті, – деді Батырбек Әбдірәсілұлы.

Сондай-ақ ресми рәсімде Қазақстанның Анталиядағы Консулы Арман Нарбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Еуропа ғалымдары «мангала» деп айдар таққан тоғызқұмалақ іспеттес ойында мангала федерациясының президенті Рауф Озген бұл ойын түрінің түбі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақтан тарайтындығын айтады. Бесінші әлемдік сайысқа ел намысын арқалап, 10 спортшы аттанған болатын. Олардың арасында сегіз дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева, үш дүркін әлем чемпионы Хакімжан Елеусінов пен Серік Ақтаев, әлем чемпиондары Ғалымжан Темірбаев, Салтанат Сапарбекова, үміт артатын жас таланттар Гүлжанат Алдабергенова, Саят Жандарбек, Аружан Абдыханова бар. Байрақты бәсеке ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өтуде. Айта кетсек, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты осыған дейін 2010, 2015, 2017 жылдары біздің мемлекетте өткен еді.

Comments (0)
Add Comment