Қоғамды тану сол ортада өмір сүріп жатқан адамдарды танудан басталады. Ал адамды танудың жолы – ол өмір сүрген отбасы, ошақ қасы қандай тәрбие берді, соған көңіл аударамыз. Яғни ізгі адам өнегелі, ізгі отбасының – жемісі. Жалпы отбасы адам өміріндегі ең маңызды орта. Бұны біз өткеннің сабағынан, қазіргі сәттерден және болашаққа деген ұмтылыстан көре аламыз.
Қазір адамдардың бойындағы өзгеріске құштарлық көңіл қуантады. Мәселенің бар екенін ұғынып, шиеленісті шешуге әрекет жасайды. Осындайда ауылдағы ақсақалдың айтқан бір сөзі ойға келеді еріксіз. Әр кәуекте бір қиял. Расымен, бас болғанда ойдың қозғалмай тұруы мүмкін емес. Ми жұмыс істейді. Проблеманы байқайды. Үнсіздікпен, көндігумен емес, ағысқа қарсы жүзгендей іштей күреске бел буады. Бұның бәрі өмірді сүруге деген құштарлықтан болатын құбылыс. Бұған дейінде заман көшіне ілесіп, өмір жалғасты. Дегенмен қазір дәуір басқа, таным басқа, сәйкесінше түсінікте өзгерген. Кез келген әлеуметтік желідегі психолог, коучингтер құдды бәріне бір сөзді жаттатып қойғандай, мысал келтіре бір сөзді айтады. «Бай болғың келсе әкеңмен қарым-қатынасты түзе, бақытты болуың анаңа байланысты» дейді сала мамандары. Бұл қаншалықты рас, кейде байыбына бармай, іштей жасөспірімдерде ата-анаға деген ашу-ызы пайда болады. Мен бақытты емеспін, маған анамның көңілі толмайды. Менің ақшамен мәселем көп, өйткені мені әкем жақсы көрмейді. Бұл ойды салып берген желідегі желдей ескен маман пікірі емес. Ақ пен қараны ажыратып беру менің құзырымдағы міндетке жатпайды. Бірақ дәл осы сөз саналы адамға оң әсерін беріп те жатыр ғой. Нәтиженің жақсысы да, көңілге қаяу салатыны да бар. Яғни, бес саусақ бірдей емес. Жөн-жосығын түсінбеген жасты да кінәлай алмаймыз. Оның болмысы сондай. Бұны біз айтып отырған психологтар жақсы біледі. Ендеше мамандар арнайы осы тектес бейнематериалдарды, семинар-тренигтерді жарияламас бұрын, белгілі бір шектеу қою керек шығар. Тұлғалық дамуда жас айырмашылықтың аса қатты рөл ойнайтынын біз жақсы білеміз ғой. Білім ордасында ұстаздық еткендіктен әр баланың болмысына жауапкершілікпен қараймыз. Оның болашағы кейде, ата-аналардан қарағанда осы оқытушыларға уайым. Әлеуметтің бәрі осы желіге телміріп отырғанда біздің жастар үлгіні тек техникадан алатындай көрінеді. Талап сондай болғанымен, махаббатсыз болған ілім, сабақ, жол сілтеу ғұмырсыз екені аян.
Жалпы, бақытты өмір сүрудің еш қиындығы жоқ. Адам өмірге келгендегі негізгі миссиясын ұмытпағаны абзал. Әр адамда жоспарлы түрде армандары болады. Оған жету тек өз қолыңда. Бала күнгі травмалар, реніштер уақыт өте келе ұмытылады. Ол сенің жолыңды байлайтын қақпан емес. Жақында ғана белгілі әнші Айгүл Иманбаеваның сұхбатын тамашаладым. «Ең үлкен тас әкем болды» деген тақырыптың өзінен бұл неқылған оқиға деп, үңіле кетесің. Тыңдадым, сонда кездесетін бір мінез баршамызда бар. Көкіректі кеңге салу, үлкенге құрмет көрсетпеу, сөзін тыңдамау. Осының барлығы жинала келіп, әкеге емес балаға салмақ болады. Кез келген жаратылыс өзінің орнын білсе, бақыттың кілтін тапқаны. Баланың мінезі анаға аян болса, қолынан іс келер-келмесі әкенің ой-таразысына байланысты нәрсе. Сондықтан әкенің бойындағы киені қадірлей білгенде ғана сенің арманыңа жол ашылады. Бұл тұжырым біздің менталитетке де сай келеді. Мысалы, «Әкесі бардың ырысы бар», «Жақсы әке жаман балаға, қырық жыл азық», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды…» осы сынды нақыл сөздерді оқығанда дана халық алтында бас иесің.
P.S Адам миллиондаған жасушадан құралатыны сияқты мемлекет те миллиондаған отбасыдан құралады. Егер де жасуша-клеткасы сау адам – тыныш, ауырып-сырқамай өмір сүрсе, отбасылары тәлімді елде ешқандай бүлік-тартысқа ұрынбай, бейбіт өмір сүреді. Ондай мемлекетте қорқыныш, үрей аз болады. Бейбіт күннің бастауы – бақытты отбасыда. Шаңырақ шаттыққа толы болсын десеңіз – ата-ананы құрметтейік!
Кадиримбетова Айша Казахбаевна,
Дулати университеті, “Техникалық физика” кафедрасының аға оқытушысы, магистр.