Байқамасаң, әлеуметтік желінің әлегі көп

Әлеуметтік желілер бүгінгі таңда адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Қайда жүрсек те телефон қолымыздан түспейді. Күнделікті жаңалықтарды парақтап, суреттер мен бейнероликтерді тамашалау қалыпты әдетке айналып кеткен. Әсіресе, жасөспірімдер үшін бұл – тек уақыт өткізу құралы ғана емес, өзін-өзі таныту, пікір білдіру, әлеммен байланыс орнатудың жаңа түрі.

Жас жүректің дүниетанымы мен құндылықтары дамып келе жатқан шағында айналасындағы ақпаратқа, сыртқы ықпалдарға өте сезімтал келеді. Олар үшін әлеуметтік желілер – бір жағынан шабыт пен жаңалықтың көзі болса, екінші жағынан психологиялық тұрақтылықты шайқайтын, шынайы өмірден алыстататын орта болуы мүмкін. Сананы жаулап, тәуелді қылған виртуалды әлем олардың өзін-өзі қабылдауына, мінез-құлқы мен көзқарасына тікелей әсер етуде.
Енді бір тұрғысынан келгенде әлеуметтік желі жасөспірімдерге шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік береді. Ондағы қолжетімді ақпараттар, түрлі онлайн-курстар, мотивациялық контенттер жастардың дамуына серпін береді.
Алайда бұл құрал мен әлеуметтік желілердегі ақпараттың теріс жақтары аз емес. Желіде ұзақ отыру – уақытты тиімсіз өткізуге, денсаулық пен ұйқы режимінің қалыпсыз болуына әкеледі. Сонымен бірге жастардың өз-өзін өзге біреумен салыстыруы, сыртқы келбетіне көңілі толмауы, өзін төмен бағалауы нәтижесінде ішкі күйзеліс секілді психологиялық мәселелерге алып келеді. Жасөспірімдер пікір, лайк және хат жазушыларды шынайы баға ретінде қабылдай бастайды. Бұл – адам өміріндегі ең қауіпті тенденциялардың бірі.
Сонымен қатар желіде таралған жалған ақпарат, деструктивті идеологиялар және зиянды контент те жасөспірімнің өмірі мен санасына тікелей әсер етеді. Бұл – ата-ана мен мұғалімдер үшін қолға алуды талап ететін мәселе.
Әлеуметтік желілер XXI ғасырдың үлкен жетістігі болғанымен, оның жасөспірімдерге әсері екіжақты. Сондықтан ата-аналар, мұғалімдер және қоғам бірігіп, жастарды саналы түрде ақпарат ағынын, әлеуметтік желіні дұрыс әрі тиімді пайдалануға үйретуі қажет. Тек сол кезде ғана біз рухани бай, өзін-өзі бағалай алатын, психологиялық тұрғыдан саналы, сау ұрпақ болып өсеміз.

Айдина ХАБИБУЛЛА,
№3 мектеп-лицейдің оқушысы.
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment