БАҚ жаңғыру жолында

Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі орталығының ұйымдастыруымен «Интернет кеңістігіндегі коммуникацияның жаңа технологиялары: даму болашағы мен мәселелері» атты облыстық семинар-тренинг өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Екі күнге созылған этносаралық қатынастар мен тұрақтылық саясаты туралы біліктілікті арттыру дәрістеріне облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Полиция департаментінің баспасөз орталығының тілшілері, психологтар қатысты.

«Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, қаламынан құт жауған журналистер қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда маңыз-ды рөл атқарады. Жиынның да мақсаты сол – этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен облыс журналистері арасындағы байланысты нығайтып, ашық диалогқа тарту болып табылды.

Дәріс алуға келген журналистерді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова қарсы алып, алғы сөзін арнады.

– Біздің еліміз үшін ең маңызды мәселе – халық достығы. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында елімізде сан түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әрбір қазақстандық азамат өзге ұлттың өкілдерімен біте қайнасып, бір кісінің баласындай жылыұшырай жүздескенін көз көріп жүр. Біздің мемлекетіміздің көркейіп, беделі арта түсуі үшін сан алуан ұлттың достығы біз үшін аса маңызды. Бүгінгі күннің мәртебесін көтеріп, дәріс оқып берген азаматтарға алғыс айтамын, – деді Парида Иманжанқызы.

Тренингте «Алматы» телеарнасы бас директорының кеңесшісі, журналист Рауан Есқали «Ақпараттық заманауи интернет-журналистика», «Ұлтаралық қақтығыстарды шешудің әдістері мен тәсілдері», «SMM (social media marketing) мәтіндері мен пресс-релиздерді қалай дұрыс жазуға болады?», «PR немесе қоғаммен байланыс» тақырыптарында әігіме өрбітіп, белсенді қатысушыларға электронды сағат пен «Әдемі-ай» ұлттық зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар компаниясының арнайы флеш-картасын табыс етті. Сонымен қатар «Рух» психология және тұлғаны дамыту орталығының директоры, психолог Резеда Баймухамедова «Қоғамдық сананы насихаттау мен манипуляциялаудың психологиялық аспектілері», «Ақпаратты қабылдаудың интерактивті тренингі», «Этносаралық қақтығыстарды шешу ерекшеліктері: халықаралық аспект», «Ақпаратты қабылдаудың психологиялық аспектілері» тақырыптарында, Жамбыл облысының ардагер журналисі, 2015 жылғы «Шаңырақ» республикалық байқауының жеңімпазы Михаил Бунин «Бірлік тілі. Газеттегі және эфирдегі сөздердің мағынасы» тақырыптарында сөз қозғап, журналистерге арналған шеберлік сабағын өткізді. Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының психологы Лола Шакимова ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, «Жанжалды жағдайларды шешуде нейролингвистикалық бағдарламалауды тәжірибелік қолдану» жайлы айтып берді.

Comments (0)
Add Comment