Бақытты бала – бақытты ел

Балалықты қорғау және баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кеңінен айтылды.

Шапағат Әбдірұлы

Халықаралық балаларды қорғау күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Бақытты бала – бақытты ел» республикалық акциясы шеңберінде аталып өтеді. Елімізде балалардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру, әр баланың құқықтарын насихаттау және қорғау, балалардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесу, балаларға құрметпен және қамқорлықпен қарау – бұл акцияның негізгі мақсаты. Бұл туралы Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов хабарлады.

– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен жыл сайын 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі. Науқанды ұйымдастыру және өткізу бойынша республикалық іс-шаралар жоспары бекітілген. Мақсаты – балалар еңбегін пайдаланудың алдын алу мәселелеріне қоғамның назарын аудару. Ұлттық ақпараттық науқанды өткізу қорытындылары облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралады. Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Балалардың білім алуға, тамақтануды, тасымалдауды, демалысты, сауықтыруды және бос уақытын ұйымдастыруға құқықтарының қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді, – деді Жасұлан Бекболатұлы.

Бекітілген іс-шара шеңберінде еліміздегі баланың құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинның бірқатар шараларға қатысуы жоспарланыпты. Уәкілдің бастамасымен және демеушілердің қолдауымен қажеттілігі бар 3 балаға катетер құралдары беріліп, 30 балаға арнайы сыйлықтар тапсырылмақ.
Ағымдағы жылдың 5 айында балаларға қатысты 21 оқиға орын алған. Оның ішінде өзіне-өзі қол жұмсауға талпынудың 2 фактісі, 1 бала өзіне-өзі қол жұмсау, алтауы үйден кетіп қалу, 12-сі басқа да оқиғалар. Ал олардың ішінде 4 оқиғаның салдары өлімге алып келген. Жалпы брифингте хабарламашы Жасұлан Атенов атқарылатын бірқатар шаралар легіне де тоқталды.

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың қамқоршылық кеңестерінің отырыстарына бақылаушы ретінде Аружан Саин қатысады. Сонымен қатар «Мейірім» жобасы аясында департамент пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен келісімшарт жасалып, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы тәрбиеленушісі Ш.Котурбаевқа әлеуметтік қолдау жасалуда. ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен департамент жанынан баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірлік мониторингтік топ құрылуда. Құрамына білім беруді басқару, денсаулық сақтау, ішкі істер, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау органдарының және балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Функцияларына бала құқықтарының бұзылу жағдайын анықтау, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, іс-шараларды іске асыру жатады, – деді Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.

Жиында департаменттің «Facebook», «Instagram», «Telegram» әлеуметтік желілерінде парақшалары бар екендігі, «45-11-22» сенім телефоны тұрақты жұмыс жасайтындығы да айтылды. Әлеуметтік желілерге, оның ішінде «BALA QORGAY» Telegram-чатына күнделікті зерделеу жүргізіліп, барлық хабарламаларға, сауалдарға жедел әрекет етіліп, кеңес те беріледі.

Comments (0)
Add Comment