Білек түріп, ниет білдіргенге-кәсіп көп. Тірліктің көзін тауып, кәсіпке айналдырған азаматтарға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес. Расы керек, ауданда сүт өндірісі, макарон өнімдерін шығару, көкөніс сақтайтын қоймалар және жылыжай жұмысын жаңдандыру жағы ақсап тұр. Өзге аймақтарда бұл мәселе реттеліп, жолға қойылған. Іске шындап ден қойған кәсіпкерлер оның пайдасын да көріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.
Мысалға бір ғана жылыжайды алып көрелік. Табандылық танытып, бақшаңды баптай білсең, табыссыз кәсіп емес. Бір жылда алған екі жиын-терім, жұмсалған қаржының орнын толтыруға толықтай жетеді. Міне, адал еңбек, таза табыс.
Сөзімізге «Флора» саяжайынан жер телімін алып, жылыжай тұрғызған Нұржан Ахметқалиевтың еңбегі дәлел. Кәсіпкердің бұл аумаққа тұрақтағанына 15 жылға жуықтапты. Алғашқы жылдары байқап көрмекке шағын жылыжай соғып, қияр мен қызанақ отырғызған. Шағын кәсібін кеңейту мақсатында несие де алған.
Тәжірибе де жылдар бойы айналысқан жұмыспен, жіберген қемшілік, жеткен жетістікпен өлшенеді ғой. Нұржанның айтуынша, бұл кәсіпте төгілген тер де, кездескен қиыншылық та аз болмаған көрінеді.
Қазір мұнда ұзындығы 55, ені 12 метрді құрайтын 3 жылыжайға қияр мен қызанақ отырғызылған. Қияр өз өнімдерін беріп жатса, қызанақ түйіндеп тұр. Жуық арада пісіп, саудаға шығарылатын болады.
Жылыжайдағы өнімдер тамшылатып суғарылады. Мұндай технологияның тиімді тұсы көп. Алдымен суға үнем. Қызанақтың сұрыпы бөлек, голландық. Жылыжайда отырғызуға арналған. Үш ай қатарынан өнім береді. Бір түптен 15 келіге дейін қызанақ жинауға болады. Қазір мына тұрған жылыжайда 1600 түп қызанақ егілген. Өнімдерді Қаратау және Жаңатас қалаларына, көрші аудандарға саудалаймын,-дейді кәсіпкер атқарып жатқан жұмысы туралы.
Нұржанның кәсібі кісі қызығарлық, ал табандылығы өзгеге үлгі. Мұнда тек жылыжай ғана жұмыс жасап тұрған жоқ. Бір гектарға жуық аумақта көкөністер мен жеміс-жидектердің басқа да түрлерін байқауға болады. Саяжайда тіпті, бос жатқан орынды көрмейсіз, тамыр алған көкөністер түйін салып, айналаға ерекше көрік беріп тұр. Тіпті мұнда баялы ( баклажан), асқабақ, таңқурай, құлпынайды да кездестіресіз. Ал, 5 соттыққа жуық аумаққа 5 мың түп қызанақты отырғызуға қанша күн-жігер мен күтімнің кеткені айтпаса да түсінікті. Бұл жұмыстардың бейнеті көп болғанымен, табысы адал.
Нұржан Ахметқалиев бос жатқан шағын жерге жүгерінің «Bonduelle» аталатын өзгеше сұрыпын екпек. Топырағын қопсытып, тіпті, тұқымын да жеткізіп қойыпты.
Жалпы жоғары бағаланатын «Bonduelle» жүгерісі-жұқа, нәзік қабығы бар тәтті шырынды, дәнді дақыл. Көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, жүгерінің бұл түрін сауда орындарында арнайы аспаппен булап,пісіріп сатады. Консервіленген түрі де дүкендегі өтімді тауардың бірі. Тағамдық құндылығы жағынан көкөніс бұршақтарымен қатар салыстырылады. Дәнін жерге сепкен соң екі айдан кейін жүгеріден өнім алуға болады,-дейді Нұржанның өзі.
Шаруасына мығым, ісіне сенімді кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Жұмыс күшін жалдап, жерді тегістеп, күз айында көкөніс отырғызбақ. Жылыжай басында тамшылатып суғаруға арналған бөшке қойылған. Егер «Жартас» көлінен тартылған сусорғы іске қосылса, бақша көлемі де артпақ.
Бастысы кәсіпке ынта танытып, бейімделе білуің керек. Табанды еңбек далаға кетпейді. Төккен теріңнің өтеуі табыспен қайтады. Мұны бос жерді бау-бақшаға айналдырып отырған кәсіпкердің ісінен аңғардық.