Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде «ЖамбылЖарықСауда-2030» серіктестігінің электр энергиясын өсіру туралы ұсынысы тыңдалды.
Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ
Жыл өткен сайын коммуналдық қызметтердің, соның ішінде электр энергиясының тарифі көтерілмесе, түспейтіні тұрғындарға жаңалық емес. Мұның басты себебі, жарықты сатып алуға және тасымалдауға жұмсалатын шығынның артуымен байланысты екен. Серіктестік басшылығы егер мекеме департамент ұсынған төмен бағамен энергия таратса, шығынға бататынын бұған дейін де айтқан. 2019 жылы Мемлекет басшысының тарифтерді төмендету туралы тапсырмасы жүзеге асырылды. Сонда «ЖамбылЖарықСауда-2030» серіктестігі тарифтерді төмендету негізсіз екенін алға тартты. Мекеме өз жұмысының дұрыстығын дәлелдеу үшін сотқа да шағымданған.
Кезекті тыңдалымда «ЖамбылЖарықСауда-2030» серіктестігінің маманы Олжас Ахметов баяндама жасады.
– Серіктестік 14 қаңтардан бастап тарифті өсіруді ұсынып отыр. Тарифке соңғы өзгеріс 2020 жылдың 15 тамызында 17 теңге 16 тиын болып бекітілген. Ал биыл 1 КВТ электр энергиясы үшін тарифті 20,18 теңгеге қосымша құн салығынсыз өсіруді өкілетті органға ұсынып отырмыз. Бағаның өсуіне негізгі себеп, 2020 жылдың 1 тамызынан электр энергиясының көзі болып табылатын «Таразэнергоорталық» АҚ тарифінің 8,10 теңгеден 8,76 теңгеге өсуі, 2021 жылдан бастап Жамбыл ГРЭС-інің 8,10 теңге, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-1, Екібастұз ГРЭС-2 стансасында бағалардың өсуін есептей келе орташа бағаны 8,44 теңге деп шығардық. Тағы бір мәселе, энергияны тасымалдау жұмыстарын жүргізетін «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі бағаны өсіріп отыр. Бұдан бөлек, тағы да бірнеше мәселе бар. Бір сөзбен айтқанда, электр энергиясын сырттан алатын серіктестік үшін бағаның өсуі ішкі шығындардың салдарынан туындап отырған жоқ. Жоғарыда айтып өткен тариф – бұл энергияның өзіндік құны. Енді бұл тұрғындардың санаты бойынша бөлінеді. Сонымен барлық шығындарды есептей келе тарифті 17,61 пайызға, яғни заңды тұлғалар үшін 21,36 теңгеге, ал жеке тұлғаларға 13,66 теңгеге өсіруді ұсынып отырмыз, – дейді Олжас Ахметов.
Серіктестік басшылығы бұған дейін тарифтерді желтоқсан айынан бастап өсіруді жоспарлаған. Бірақ бұл өтінімді заң аясында өкілетті органдар қараусыз қалдырған. Осыдан кейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Көрпебаев жиынды қорытындылады.
– Рас, «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС бұған дейін тарифтерді өсіруге өтінім берген, бірақ кейбір құжаттары толық болмады. Енді бүгінгі өтінім департамент тарапынан жан-жақты қаралып, 12 қаңтарда шешім қабылданса, олар екі күннен кейін-ақ өз бағасын тұтынушыларға ұсынады. Бірақ бұл тарифтер көтеріледі деген шешім емес. Баға өскен күннің өзінде жергілікті атқарушы орган бұл салмақты бюджеттік мекемелерге салса, жеке тұлғалар үшін тариф өзгеріссіз қалуы керек, – деп түйіндеді Бауыржан Жұманұлы.