Баға тұрақтылығы бақылауда

Бүгінгі күні елімізде азық-түлік өндірісін ұлғайту және оның қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті мәселе. Ал нарық заманында, экономи­каның қарқын алған дәуірінде асы­раушы саланы дамыту арқылы халықтың әл-ау­қатын көтеру де күн тәр­тібінде.

Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар кешенді шаралар қабылданған.

Мәселен, өңірдегі сауда нүктелерінде баға тұрақтылығы басты назарға алынып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге септігін тигізіп отырған «Тараз» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы облыс тұрғындары арзан өніммен қамтамасыз етіліп отыр.

Корпорацияның тұрақтандыру қоры арқылы жыл басынан бері азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін 577,58 млн теңгеге тауардың 11 түрі бойынша 4 494,78 тонна, 30,49 мың дана нан және 339,36 мың дана жұмыртка тауарлары өткерілді. Оның ішінде 3633,25 тонна ұн, 248 тонна картоп, 498,37 тонна қант,  339,36 мың дана жұмыртқа, 7,05 тонна күріш, 2,89 тонна сүт, 3,7 тонна сәбіз, 60 тонна күнбағыс майы, 30,49 мың дана нан, 21,9 тонна тауық еті, 19,62 тонна қарақұмық бар.

Одан бөлек, алдағы уақытта тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұрақтандыру қорына 673,14 тонна тауар жинақталса, оның 454,32 тоннасы форвардтық келісімдер негізінде жинақталды.

«Тараз» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың айтуынша,  бүгінгі күні тұрақтандыру қорындағы тауарлар атап айтқанда қант – 220 теңгеден, жұмыртқа – 30 теңгеден,  күнбағыс майы – 560 теңгеден, картоп – 85 теңгеден, сәбіз – 100 теңгеден, қарақұмық – 320 теңгеден арнайы ашылған әлеуметтік дүкендер мен «Smart», «Нұрислам», «Дәмдес», «Алма», «Сафият»сынды ірі сауда орындарындағы әлеуметтік сөрелер арқылы тұрақты өткеріліп жатыр екен.

Сонымен қатар жаңадан іске қосылған екінші тетік «айналым схемасы» бойынша 4 кәсіпкерлік субъектілеріне 1 132, 81 млн. теңге бөлінген.  Қаржыландыру келісімі бойынша ол субъектілер 1 сұрыпты ұн, күріш, тұз, өсімдік майы, сүт, айран, сары май және сүзбе, сүт пен сары май,  1 сұрыпты ұн, күріш, тұз, 1 санатты жұмыртқа, қант, қарақұмық сияқты тауарлармен сауда орындарын қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта жылдық көлемі 657,23 тоннаны құрайтын осы әлеуметтік тауарға төмендетілген  бағалар бекітіліп, облыстағы ірі  сауда желілері арқылы сатылуда.

–Халықтың сұранысынаорай Жамбыл облысы әкімі Б. Сапарбаевтың тапсырмасыменотандық және тұрақтандыру қорындағы тауарларды тікелей арзандатылған саудасын жетілдіру мақсатында, Тараз қаласында және аудандарда әлеуметтік дүкендер ашылуда.

Бүгінгі күні облыста барлығы 27 әлеуметтік дүкендер мен павильондар жұмыс істеуде. Оның 17-і Тараз қаласында, қалған 10 дүкен аудан орталықтарында орналасқан.

Расында, күннен күнге әлеуметтік дүкендерге деген сұраныс та артып келеді.  Бұрын шағын бір дүңгіршек күніне 100-150 адамды қамтыған болса, қазір бір дүкен 400-450 адамға дейін қызмет көрсетуде. Осылайша әлеуметтік дүкендердің қызметі бұрнағы жылдармен салыстырғанда 3,8 есеге ұлғайып отыр.

Мұндай павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы жасалып отыр. Алып-сату фактілеріне жол бермес үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын да белгілеу қолға алынған. Осыған орай, бір қолға берілетін тауарлардың күнделікті нормасы 1,5 келі қант, 1 литр күнбағыс майы және 10 дана жұмыртқа болып белгіленді, – дейді Нұрғали Жақсылықұлы.

Жалпы әлеуметтік дүкендер нарықтан 8-24% төмен бағадағы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен қамтылған. Оған облысымыздағы «Молбит», «БМК», «Кызыл-Жұлдыз», «Көкжиек-2030», «Аса даму», «ӘулиеАта Феникс», «Хлебный дар», «Аксарай Экспорт» сияқты тауар өндірушілердің өнімдері тікелей жеткізілуде.

– Сырттан келетін қарақұмық, күріш, күнбағыс майы ШҚО, Қызылорда және Алматы облыстарындағы өндірушілерден сатып алынып, төмендетілген бағада өткерілуде.Сонымен бірге, жыл басынан бері әлеуметтік дүкендер арқылы тұрақтандыру қорының 547,69 тонна тауарлары мен 339,36 мың дана тауық жұмыртқасы өткерілді. Осылайша, 2020 жылмен салыстырғанда биыл тауар айналымы 5,3 есеге артты.

Қорыта айтқанда,азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тұрғындардың тұрмыс сапасының басты факторларының бірі болып табылады, сондықтан бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу жұмыстары«Тараз» ӘКК» АҚжүйелі түрде жүргізілетін болады, – дейді «Тараз» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Н.Көрпетаев.

Comments (0)
Add Comment