Баға негізсіз өспеуі тиіс

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің жанынан негізгі азық-түлік, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөнінде тұрақты жұмыс атқаратын облыстық штаб құрылған болатын.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров төрағалық ететін штаб құрамына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партия мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер еніп, төрт бірдей мобильдік топ шаһардағы сауда нүктелеріне тұрақты зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Кезекті мониторинг жұмыстары Жамбыл даңғылындағы «Фиркан» және Сәтбаев көшесінде орналасқан «Дәмді себет» сауда нүктелерінде жалғасын тапты. Азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу жұмыстарын бұл жолы қалалық мәслихат депутаты, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев жүргізді.

«Фиркан» дүкенінде 11 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы әкімдіктің ұсынған ақпаратына сәйкес тұрақты екені анықталды. Олардың қатарында күріш, нан, сиыр, тауық еті сынды өнімдер бар. Сүт, айран, қырыққабат, тұз әкімдік ұсынған бағадан төмен сатылуда. Ал пияз бен сәбіздің бағасы ұсынылған бағадан сәл қымбат болып шықты. Қарақұмық және күнбағыс майының сөрелерде жоқ екені анықталды. Дүкен әкімгерінің айтуынша, аталған тауар өнімдері сұранысқа ие болғандықтан тез өтіп кеткен, бір күннің ішінде қайта сөрелерге қойылатыны хабарланды.

«Дәмді себет» дүкенінде 9 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы әкімдіктің ұсынған ақпаратына сәйкес тұрақты екені анықталды. Ұн мен тауық етінің, қырыққабат пен картоп көрсетілген бағадан төмен сатылуда. Ал айран мен пияз, қант бағалары аздап қымбаттағаны белгілі болды. Екі дүкенде бағаны қымбаттатуға қатысты 5 дерек тіркелді. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қатарына тек қант жатады. «Дәмді себет» дүкені қантты 199 теңгеден сатқан, ал шекті баға – 190 теңге, дүкеннің әкімгері қантты 190-нан асырмауға уәде берді. Дүкен әкімшілігінің өкілдеріне бұл жағдайлардың бәрі әкімдіктің назарына алынатыны хабарланды.

Тұрғындар өз кезегінде жоғарыда аталған азық-түлік бағаларының қымбаттау фактілерін кездестірсе, 109 бірыңғай нөміріне хабарласуларына болады. Бұл ақпарат жергілікті кәсіпкерлік бөліміне жеткізіліп, кәсіпкерлік бөлімі сауда орындарының иелерімен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізеді немесе айыппұл салу бойынша шара қолданады. Өкінішке орай, бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, өлшеніп алынатын рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, сиыр еті, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, ас тұзынан басқа тауар бағаларын тиісті мекемелер бақылай алмайды. Ол тек сауда нүктелері басшыларының құзыретіне кіреді.

Comments (0)
Add Comment