Баға, қайда барасың?

Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларының бағасы өңіріміздің тұрғындарын қатты алаңдатуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда, негізгі азық-түлік тауарларының кейбір түрлеріне баға екі еседен жоғары шарықтаған.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жоқ дей алмаймыз, дегенмен өсуін тоқтатпаған нарық дүйім жұрттың көкейінде сауал туындатуда. Тұрғындар арасында, әсіресе, зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар азық-түлік тауарларының қалаған түрін көп жағдайда сатып алуға мүмкіндіктері бола бермейді. Ет пен сүт өнімдері, ұн өнімдері, көкөністер мен жемістер жыл сайын орта есеппен 30-40 пайызға, ал кейбіреулері 80 пайызға дейін қымбаттауда. Яғни тұрғындарымыз жалақыларының 50 пайыздан астамын тек азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бұл мәселе қала әкімдігінде өткен сессияда қаралды. Жетінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезекті бесінші сессиясында бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылып, қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыр мен бөлім басшылары халық қалаулыларының сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Алдымен өткен жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есепті қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек жасады. Сондай-ақ бөлім басшысы: «Атқарушы билік өткен жылғы қалалық бюджет параметрлерін негізінен орындады. Қаланың экономикалық дамуы Тараз қаласының дамыту бағдарламасында көрсетілген, қойылған мақсаттар мен көрсеткіштерді есепке ала отырып, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылық жағдайында қамтамасыз етілген. Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 102,9 пайызға, бюджет шығыстары 99,9 пайызға орындалған», – деп атқарған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Сонымен қатар сессияда көтерме сауда айналымындағы азық-түлік тауарлары мен азық-түлік емес тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мәселесіне қатысты уақытша комиссия жұмысының нәтижесі тыңдалды. Хабарлама жасаған мәслихат депутаты Мұрат Бердалиев бір апта көлемінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысымен бөлісті.

– Тараз қалалық мәслихатының депутаттары БАҚ өкілдерімен бірлесе қаланың ірі сауда орындары, супермаркеттер және әлеуметтік дүңгіршектердегі бағаларға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Екінші тоқсанға белгіленген шекті бағамен салыстырғанда, әлеуметтік дүңгіршектердегі баға қалыпты жағдайда. Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрі дүңгіршектерде қамтылған, яғни бұл облыс әкімінің тікелей бақылауымен іске асқан шаралар деп білеміз. Ал өзге ірі сауда орындары мен супермаркеттерде баға көңіл көншітпейді, яғни барлық азық-түлік тауарларына баға шекті мәннен әлдеқайда жоғары болып отыр. Әлеуметтік дүңгіршектердегі сәбіз бен пияздың сапасы өте төмен, пайдалануға жарамсыз десе де болады. Ал картоптың өте ұсақ (майда) түрімен ғана қамтылған. Сондай-ақ халық жиі қолданатын қарақұмық – 6 пайызға, І сорттағы ұн – 20, сиыр еті – 13,5, тауық жұмыртқасы – 29,6, өсімдік майы – 79,7, қант 24,2 пайызға өскен. Бұл ахуал, әсіресе, әлжуаз азаматтарға және көпбалалы отбасыларға ауыр тиетіні белгілі. Осы бағытта нақты қандай іс-шаралар атқарылуда деген заңды сұрақ туындайды. Одан бөлек, азық-түлік емес тауарлар бойынша, әсіресе, құрылыс материалдары қатты қымбаттаған. Мәселен, арматура метріне былтыр 350 теңге болса, биыл 550 теңгеге барып отыр, яғни 200 теңгеге, 57% қымбаттаған. Дәл осы сияқты басқа да құрылыс материалдары кемі 30-50% көтеріліп отыр, – деген уақытша комиссия төрағасы бағаны тұрақтандыру бойынша шараны қолға алу керектігін баса айтты.

Бұл орайда қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар сессияда «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу туралы» қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Бекежанов баяндама жасады. Жиында баяндамашыға депутаттар тарапынан сауалдар қойылып, бірнеше нысан бойынша тағы да түсіндіру-анықтау жұмыстары жүргізілетін болды.

Жалпы сессияның күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, көтерілген сауалдар бойынша тиісті мамандарға тапсырма берілді.

Comments (0)
Add Comment