Ислам діні қазақ даласына қанат жайғалы халқымыз асыл діннің нәрімен сусындап, бір Аллаға құлшылық етіп келеді. Қандай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешсе де, ақ жолдан таймай, шариғаттың шеңберінен шықпай, барға қанағат, жоққа сабыр қыла білген. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп елден ерекшеленгісі келіп тұратындарды аса жақтыра қоймайды. Бұл да тектен-текке емес. Қаншама қиын-қыстау кезеңді бастан кешкен халқымыз үшін ауызбіршілік қай кезде де керек-ақ. Ел көрген, жөн білетін ел ағаларының сөзі шамшырақ іспетті. Есті сөзге тоқтай білген халқымыз сан ғасырдан бері тарихтан өзінің орнын алып үлгерді.
Десек те, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп, діннің алауыздануы мен түр-түрге бөлінуі біздің қоғамды да айналып өтпеді. «Алла бір, пайғамбар бір» деген түсінік ортақ болғанымен, сан тарауға бөліну мен тек өз ұстанымын жөн санап, өзгенің пікірін жоққа шығару үлкен білімсіздіктің нәтижесі екенін көрсетуде. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамыз шегенделсе де, халықтың рухани дүниесі жат ағымның жетегінде кетіп, үлкен күйзеліс әкелген тәуелділікке тап болдық. Өзге діндердің миссионерлік қызметін айтпағанда, өз арамызда жік-жікке бөлініп, ғасырлар бойы жалғасын тапқан ата-бабамыздың ақ жолын жоққа шығарушылар күн санап өсуде. Мұны ХХІ ғасырдың рухани ауруы десек, қателеспейміз. Себебі қиын-қыстау кезеңді бастан өткізген бабамыз бір Аллаға ғана иман келтіріп, адамгершіліктен аттаған емес. Қазіргі мамыражай уақытта бейбітшіліктің қадірін білмей, қолдан мәселе жасап жатқандардың артында үлкен саяси күштердің болуы да ғажап емес. Теріс діни ағымдармен күрес – әлемдік деңгейде болып жатқан үрдіс. Еліміз осы ретте ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен айналысады.
Кереғар пікірдегі адамдарды анықтаудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі, сыртқы формасы арқылы. Ер адам болса, балағын қысқарту мен сақалын күтімсіз өсіру, ал әйелдерде қара киім кию. Мұны пайғамбардың (с.а.с.) кезіндегі киім кию үлгісімен байланыстырады. Екінші жолы – сұхбаттасу арқылы. Сұхбат барысында ол адамның дәстүрді қолдамайтынын байқауға болады. Атап айтсақ, дастарқанға бата берген соң бет сипау, келіннің үлкендерге сәлем салуы, өмірден қайтқан адамның туыстарының артынан құран бағыштауы, еске алуы, қабірін зиярат етуі, сәбиді қырқынан шығару, тағы да сол секілді жөн-жоралғыларды жоққа шығарады. Жауап біреу. Бұл шариғатта жоқ. Сондықтан «бидғат» деп есептейді. Расымен де кейбір жоралғылар асыл дінімізде кездеспейді. Десек те, Исламға қайшы әрекет болып та саналмайды. Сондықтан ғұламаларымыз дінге қайшы әрекет болмаса, орындаудан тыймаған. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, салт-дәстүр мен ұлттық менталитет қоғамды бөлінушіліктен сақтап, керісінше, тұтастыққа әкеледі.
Қазіргі таңда көкейдегі сұраққа ғаламтор арқылы жауап табу қалыпты құбылысқа айналды. Дәл осы интернет желісі көптеген жандардың жат ағымға кетуіне бірден-бір себеп болып отыр. Іздеген сауалға орай бірнеше сайттар өз жауаптарын ұсынады. Адамның ұсталар тұсы да осы жерде. Ұрымтал тұсынан дөп тиетін жат ағымның сайттары өз қызметін ұсыну арқылы діни білімі шектеулі жандарды өз қақпанына оңай түсіреді. Осындай қауіптің алдын алу үшін арнайы діни басқарманың бекіткен сенімді сайттарын біле жүрген жөн. Мuftyat.kz, azan.kz, asyldin.kz, ummet.kz, mazhab.kz, kazislam.kz секілді сайттар діни сауаты бар азаматтардың негізінде құрылған. Одан бөлек, кітаптардан материалдар оқығанда, Дін істері комитеті мен діни басқарманың оң қорытындысын алған еңбектерді қолданған абзал. Себебі теріс пиғылдағы жандар өз көзқарасы мен шетелдік белгісіз тұлғалардың негізінде ақпарат таратуы көптеген жандардың адасуына әкеліп соқтыруда. Негізгі көздеп отырғандары – елді адастыру арқылы өз жақтарына тарту, санын көбейту, елдің тұтастығын бұзу үшін бейбітшіліктің қабырғасын сөгу.
Телефон, гаджеттер арқылы келетін әртүрлі діни мәтіндер мен видео-аудио материалдарды қолданғанда да абай болғанымыз жөн. Себебі оның астарында да діни идеологияның болуы ғажап емес. Көпе-көрінеу келген көк аттыдан іргемізді аулақ салу үшін өз жолымыздың бар екендігін ұмытпағанымыз абзал. Біреудің қаңсығы бізге таңсық бола алмайды. Өр рухты қазақ деген асыл ұлттың ұрпағы екенімізді ұят санамай, керісінше, мақтан тұтуымыз керек. Ашаршылық, соғыс, жаулап алу, ұлтты жою үшін жасалған қаншама қиянаттарды көрген еліміз елдің тыныштығын басты орынға қояды. Қоғам ішінде бүлік шығарушы емес, елдің мүддесі үшін қызмет ететін, өз жолымен жүретін, заманауи тенденциялардан қалыс қалмай, керісінше, әлемдік масштабта ойлана алатын көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақтан болуға әрекет етуіміз керек. Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген аяты халықты татулық пен бірлікке үндейді.
Қазіргі заманның зарына айналған теріс ағым зардабы мен арбауына түскен қаншама жастарды көріп, олардың бойынан ұлттық құндылықтарды байқамаймыз. Себебі кез келген адам өз ұлтының тарихы мен құндылығын білсе теріс жолдарға ере қоюы екіталай. Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деген ұлы мұрасы бойына сіңген әрбір қазақ баласының Отанына, ұлты мен ата-анасына деген қызметі арта түспесе, кемімейтіні анық.
Қазақ халқы әрқашан дәстүрлі діни бағытты ұстанушы ретінде бейбітшілік пен тыныштықты, бірлік пен татулықты қалайтын ел ретінде мұсылманшылықты орта жолда ұстанған. Себебі бірлік бар жерде береке бар, ал берекенің түбі кез келген елді дамуға жетелейтіні рас. Осы тұрғыда қазақ даласындағы мұсылман үмметін бірізділіктен айырып, күйретуге бағытталған, қазақтың болашағына балта шапқысы келетін кереағар ағымдар әрекеті күрсіндіреді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде сахабаларына мынадай өсиет қалдырған: «Ислам жолында сендер ертеңгі күні түрлі елдерге барып Алланың хикметін жеткізесіңдер. Сонда шариғатқа қарсы келмесе, сол елдердің әдет-ғұрпына, сенім-нанымына құрметпен қараңдар», – деген хадисіне қарайтын болсақ, алғаш қазақ даласына Исламды жеткізіп, иманға шақырған сахабалардың ниетінде ешқандай күйрету болмағанын білеміз. Себебі кереғар ағымдар ақиқаттан жұр болып, адам хақысына кіруден бас тартпайды.
Қазіргі дамыған заманда бір елге діннің туралығын жеткізуге немесе теріс бағытқа жетелеу үшін сол елге барып араласу қажет етпейді, өйткені әлеуметтік желінің мүмкіндіктері сондай, шетелде отырып-ақ дағуатқа шақыруға болады. Осы тұрғыда кез келген адам теріс ағымға еріп, арбауына түсіп қалмауы үшін рационалды ойлау принципін ұстану керек. Ол дегеніміз – адамды басқа жаратылыстан ерекшелейтін ойлау жүйесі, яғни ойлау, түсіну, бағалау, саралау және әрекет ету қабілеттері сияқты адамның артықшылықтары. Демек, рационалды ойлай білетін кез келген адам өзіне дін жайлы бір хабар жеткен кезде жеткізген адам жайында және айтып жатқан дүниесі турасында таразыға салып саралай алуы оның діни теріс, керағар ағымдардан сақтануына мүмкіндік береді.
Қазақ халқына адаспас үшін ұлы ақын Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның», – деген сөз төркінін түсінген болуы шарт, дұрыс ойлап ерме болмауы, тарихты біліп, құндылықтарымызды қадірлеу шарт.
Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді. Мұндай ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық (ішкі деструктивтілік) және физикалык жағдайына қауіпті болып келеді, сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын (сыртқы деструктивтілік), жалпы қоғамға қауіпті ұйым. Деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның (лидердің) немесе адамдар тобының (басқарушы топ) басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкілікті мақсаты – адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу. Халықаралық жаһанданудың үздіксіз дамып келе жатқан процестерімен және ақпараттық технологиялардың маңыздылығының артуымен сипатталады. Тиісінше, ақпараттық ағындардың адамға, оның ішінде діни, мистикалық, эзотерикалық мазмұнға әсер етуінің салдары артады, олар белгілі бір адамның көзқарасына әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар көптеген адамдардың санасын басқара алады. Адамның психикасы мен мінез-құлқына жойқын әсер етеді.
Жасөспірімдерді деструктивті ағымдарға тартудың келесі негізгі алғышарттары бар:
– ерекше және аз зерттелген мистикалық күштерге үлкен қызығушылық;
– әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағыздар мен жазбалардың таралуы;
– тұрақсыз психика;
– отбасындағы немесе басқалармен проблемалар, әлеуметтік нормаларды қабылдамау;
– ағымдардың іс-шараларына қатысатын достар, таныстар немесе туыстар; – әртүрлі психотроптық, есірткілік заттарды қабылдау.
Деструктивті ағымдар жасөспірімдерді әдеттегі өмір салтынан, отбасынан, достарынан, мектептен және басқа да әлеуметтік бірлестіктерден алшақтатуға тырысуда. Осыған орай, жасөспірімдердегі тұрақсыз психикалық жағдайды жиі байқаймыз. Қазір интернет заманы. Әлеуметтік желінің дәуірі жүріп тұрған кезең. Жат ағымды қолдайтындардың үгіт-насихатын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Сананы улайтын, теріс пиғылды адамдардың арбауына оқушылар да түсіп жатыр. Міне, осындай діни ағымдармен күресетін діни басқарма мен діни саладағы мамандардың деңгейі айтарлықтай өсті. Ақ пен қараны ажыратып бере алатын жағдайға жетті. Қазіргі кезде қарапайым халықтың да діни мағлұматтан ақпараты жоқ емес. Жасөспірімдерге діни білім бермес бұрын, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді үйрету – әрбір ата-ананың міндеті.
Жат ағымдардың негізгі қауіптілігі – олар адамның сеніміне толық ие болуы, адамдарды қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулауында және көшбасшыларына сөзсіз бағынуында. Мұндай ұйымдар жеке адамның рухани, психикалық және физикалық жай-күйі үшін өте қауіпті. Олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, сондай-ақ дәстүрлі дінге қарсы шығып, оны мойындаудан бас тартады. Бұдан басқа, қоғамға қауіпті деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық-зомбылық пайдаланылады. Олар жеке тұлғаға әсер етудің түрлі әдістерін қолдана отырып, өз ізбасарларын отбасынан, қоғамнан, елдің мәдени және қоғамдық өмірінен бөлуге тырысады. Олар тарихи дәстүрлер мен дәстүрлі діндердің заңдылығын жоққа шығарып қана қоймай, өмір салты мен әдет-ғұрыптарды елемей, азаматтардың физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, деструктивті идеологияның көптеген ізбасарларының мінездері ұқсас болып келеді. Олар агрессивті, пассивті әрі қарым-қатынаста өзін шектеп, көпшілік ортадан жасырын жүруге тырысады. Сондықтан деструктивті ағымдар қатарына енген адамдардың мінез-құлқы, ойлауы мен өмір салты мүлде өзгеше, өмірлік қағидаттары мен ережелері мүлде басқаша.
Жат ағым өкілдері:
• Олар өз жақтастарының өзгелермен, яғни қоршаған ортамен араласуына тыйым салып, жақтастарын бұрын араласқан не әсер етуі мүмкін ортасынан оқшаулайды, яғни ата-анасынан, достарынан, туыстарынан және т.б.;
• Сонымен қатар ДДА өкілдері Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жоққа шығарады (оның ішінде Наурыз мерекесін, беташар, сәлем салу және басқа да ұлттық салт-дәстүрлерді мойындамайды, өлілерге Құран бағыштау, жетілік, жылдық асын беру, бейіт басына барып зиярат ету және т.б.);
• Зайырлы мемлекеттерге, зайырлы өмір салтына, мәдениет пен өнердің қазіргі заманғы түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) агрессивтілік танытады;
• Заңнамада белгіленген кейбір міндеттерді орындаудан бас тартады (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.);
• Қазақстан мұсылмандарының көпшілігі ұстанатын Ханафи мәзһабын мойындамайды, басқа дін өкілдеріне және ешқандай дінге сенбейтін адамдарды шектеп, айыптап, оларға құрметсіздік танытады;
• Деструктивті ағымдар мемлекеттік тәртіптің негіздерін бұзады және осының негізінде елде дүрбелең туғызады.
Көп адамдар психологиялық тұрғыдан әлеуметтік дәрменсіздік пен негативті эмоциялардан арылудың жолын іздеудің нәтижесінде осындай деструктивті діни ағымдарға тап болады. Әдетте ДДА ұстанушылары күрделі өмірлік жағдайларды пайдаланып, өз мақсаттарына жету үшін жаңа келген адамдарға материалдық көмек көрсетеді, оларға шет тілдерін үйретеді, өзіне және оның туыстары мен жақын отбасы мүшелеріне жұмыс табуға немесе үйсіздерге уақытша баспана алуға көмектеседі. Осылай ДДА ұстанушылары сенімге кіріп, жақсы қарым-қатынас құру арқылы адамның құндылықтары мен сенімінің жүйесін, жалпы көзқарасын өзгерте бастайды. Сондықтан деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту барысында ең алдымен психологиясына, тұлғалық ерекшеліктері мен рухани дүниетанымына көңіл бөлген жөн.
Егер сіз өзіңізді қызықтырған діни ұйымнан осындай белгілерді тапқан болсаңыз, тіпті ресми түрде тыйым салынбаған болса да, олардың қатарына кірмеңіз. Себебі қандай да бір діни ұйымға кірмес бұрын, оның экстремистік немесе деструктивті екенін зерттеу қажет. Бүгінде деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері туралы, қандай діни идеяларды пайдаланатынын және белсенді террористік ұйымдар туралы ақпаратты білу өте маңызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 террористік ұйымның қатарына тыйым салынған. Олардың көпшілігі – діни, басым көпшілігі Ислам атын жамылған лаңкестік ұйымдар. Бүгінде ДДА ұстанушылары адамдардың санасына психологиялық әсер етудің тиімді жолы ретінде ақпараттарды заманауи технологиялар, яғни интернет кеңістігі, әлеуметтік желілер арқылы таратып, заман талабына сәйкестендіріп өз мақсаттарын жүзеге асыруда.
Қазақстанда діни ахуалдың ерекшелігі – оның үздіксіз жаңарып отыруында. Діннің таралуы әр қоғамда әртүрлі болады. Сондықтан бұл мәселені әлі де толассыз зерттеп, ДДА идеологияларымен күресуде тиімді жұмыс әдіс-тәсілдерін ұсыну керек. Еліміздегі кез келген рухани және діни құндылықтар елдің гүлденуі мен барлық саланың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс.
Біз осындай қаумалаған жат әрекеттерден сақтанып, олармен күресте қабілетті болуымыз үшін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мәдениетімізді, дәстүрлерімізді сақтауға тиіспіз. Бәсекеге қабілеті, білімді, сауатты, өз еліне жанашыр, ісіне адал, көкірегінде мақтаныш сезімі ұялаған Отанның патриоттарын тәрбиелеп өсіруіміз қажет.
Кенжебек Әзілханов,
теолог, ғалым