Бәсекеге қабілеттілік – табысты ұлт болудың тетігі

Заман ағымына қарай қоғам да өзгеріп отырады. Халықтың бүгінгі белсенділігінің арқасында ел ескі сүрлеуден арылып, жаңа жүйеге қадам басып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Жолдауында негізінен елдегі ең өзекті мәселелер назарға алынып, оны шешудің оңтайлы жолдары көрсетілген.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін Президентіміз айқын атап өтті.
Сонымен қатар білім беру саласы мен қоғамдағы заң үстемдігі мәселелеріне де айрықша назар аударды.
Кез келген елдің болашағы қашанда өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Сол себепті Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары мен студенттері Мемлекет басшысының
бұл жөніндегі пікірін толықтай қолдап отыр.
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілеттілігін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекеге қабілеттілік – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта айқындалған бағасы, не болмаса сапасы жағынан өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен қатар білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру мақсатында барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы алдыңғы орында. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.
Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарының болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сондықтан оған әрдайым ерекше басымдық берілетіні белгілі. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда.
Мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдары ретінде факультетіміздің ғалымдары және білім алып жатқан жастарымыз Президентіміздің осы сөздерін өздерінің алға қойған өмірлік мақсаттарына енгізе отырып, еліміздің жаңаша тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосып отырғаны анық.
Қазіргі таңда бүкіл әлемді жаулаған қатерлі індеттің тарауына бой бермей, қашықтан оқыту жүйесі арқылы цифрлық сауаттылықтарының едәуір талапқа сай екенін дәлелдеуде. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, жаңаша дамуымен де тікелей байланысты.
Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сонда кездесетін қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап қажет. Жаңа жағдайдағы жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің ахуалын одан әрі жақсартуға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек.

Индира СҮЛЕЙМЕНОВА, Дулати университеті «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment