Бұрымды ару – ұлттың көркі

Қазақ халқы ертеден-ақ қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз – әдеміліктің, нәзіктіктің, ибалылықтың символы. Ұлттың ұяты мен абыройы да қыздың тәрбиесімен өлшенген. Осындай ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жастар арасында салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында қала әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қыздарға әсемдік жарасады» атты бұрымды қыздар байқауы өтті.

Қалалық мәдениет үйінде Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған байқауда бес ару өз бақтарын сынады. Бұл байқау – тек қана қыздардың шаш ұзындығын көрсететін жарыс қана емес, сонымен қатар олардың өнері мен ақылына, ұлттық құндылықтарға деген құрметіне де баға беретін рухани іс-шара. Байқау барысында арулар қазақтың ұлттық киімін киіп өнерлерін ортаға салды.
Ең басты ерекшелік – қыздардың қолаң шашын табиғи қалпында көрсетуі. Қазақ халқында «шаш – қыздың көркі», «бұрымды қыз – ұлттың шырағы» деген ұғымдар бекер айтылмаған.
– Мұндай байқаулар қыз балалардың бойындағы ұлттық рухты оятып, олардың өзін-өзі тануына, өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға себеп болады. Сонымен қатар бұрымын күтіп, табиғи сұлулығын сақтауға да ықпал етеді. Байқау қатысушылары 15-25 жас аралығындағы өңірімізде білім алатын арулар. Қатысушының шаш ұзындығы 1 метрден аса, шашының қалыңдығы 10 см болу керек. Бес кезеңде арулар шаш үлгісімен ғана емес, ақыл-парасатымен де оқ бойы оза шабу қажет, – дейді әділ-қазылар алқасының мүшесі, қалалық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Байжан Айтқабылұлы.
Жалпы, байқау 5 кезеңнен тұрды. Алдымен қазылар алқасы қыздардың шашының ұзындығы мен қалыңдығын және сахнаға шығу образын бағалады. Ал екінші кезеңде қыздар бейнеслайд арқылы өздерін және отбасыларын таныстырды. «Білікті қыз» аталымында қатысушылар салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беріп, аяқталмаған мақал-мәтелдерді жалғастырды. Ал келесі кезеңде жеміс-жидектерді әсемдеп турау бойынша шеберлік сабақтарын көрсетті. Қорытынды кезеңде сән мен сымбаттың үйлесімін таба отырып, 10 минуттың ішінде әр түрлі шаш үлгісін жасап, кешкі сәнді көйлекпен дефилеге шықты. Сондай-ақ арулар өздерінің шаш күтімі мен шаш өсірудегі құпияларын көпшілікпен бөлісті.
Тартысты өткен бұрымды қыздардың байқауында ІІІ орынды Жамбыл медициналық колледжінің 4 курс студенті Балнұр Шоман алса, ІІ орын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3 курс студенті Альбина Тілепке бұйырды. Ал жүлделі І орынға Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 1 курс студенті Шапағат Әкімғали лайық деп танылды. Сондай-ақ өзге де қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
–Мен бұл сайысқа ұзақ дайындалдым. Қарсыластарымның дайындығы да жоғары деңгейде екенін көріп, бәсекенің қатты болатынын білдім. Байқау қатысушылары тек сұлулығымен емес, білімімен, өнерімен, ибалы мінезімен ерекшеленіп, көпшілікке үлгі бола білді. Бұл – сұлулықтың сыртқы келбетпен ғана өлшенбейтінін, нағыз сұлулық – тәрбие мен рухани байлықта екенін тағы бір көрсетті, –дейді «бұрымды ару» Шапағат Әкімғали.
«Бұрымды қыз» байқауы – ұлттық тәрбиенің бір көрінісі. Мұндай іс-шаралар арқылы жастар өз ұлтының тарихын, мәдениетін танып, ұлттық болмысты бағалауды үйренеді. Ал бұрымын күтіп, бойына ибалылық пен көркем мінезді қатар ұстанған қазақ қызы – ұлттың ең қымбат қазынасы болып қала береді.

Арайлым Бақытжанқызы

Comments (0)
Add Comment