Адамзат тарихында соғыс өрті шалмаған жер жоқ шығар, сірә! Соғыс зардабын тартпаған ұрпақ жоқ. Соғыс жағдайындағы адамдардың бір ғана міндеті болды. Ол- Отанын қорғау. Ұлы Отан соғысы талайлардың бет бейнесін қалыптастырды. Соғыстағы адамдардың соғыс аяқталған соң оңды орны болды ма, жоқ па? Оны ақпараттар ағыны жылдам таратып жатыр.Бізге беймәлім соғыс сипаты бейбіт күнде де адамдардың тағдырына араласқаны рас. Соғыс жағдайындағы адам психологиясы ғалымдардың да, көркемсөз шеберлерінің де зерттеу объектісі болып келеді. Қазақ арасынан соғыс психологиясын тайға таңба басқандай етіп жазған адам біреу, ол – Бауыржан Момышұлы.
Осы соғыс психологиясын танытатын шығармаларының өзінде үлкен астар, үлкен идея жатыр. Ұлты үшін шыбын жанын қиюға әзір ұланымыз, Баукең, әйгілі монографиялық лекцияларында ғана емес, көркем шығармаларында да соғыс сипаты мен жауынгер психологиясын дәл бергендердің бірі. Оның шығармалары түрлі құжаттар мен адамдардың аты-жөні тізбектелген деректері де, шындығы қияли қоспалармен араласып кеткен абстрактілі де емес, көркем де болса көкейге қона кететін нанымды. Кітаптардың оқулық үшін жазылмаса да, оқулықтай қабылдануы, қалың оқырман аңсарының ауа беруі де осында. Көркем шындық, бірақ бояуы баттаспаған табиғи шындық.
Өкінішке орай, Баукеңнің көркем шығармаларынан өзге мұралары қалың көпшілікке, шын оқырмандарына дер кезінде жете алған жоқ. Сонау қайнаған соғыстың тұсында-ақ алдындағы жауымен жан аямай айқасып жүріп, артындағы халқының келешегіне алаңдаған адамның айтқандары мен жазғандары ұзақ жыл бүркеулі жатты. Оны жарыққа шығарудың сәті тек кейін ғана түсті.
Оның өз жазғандарын оқыған адам ғана Бауыржанның болмысына бір табан жақындай түседі. Оның ұрыстың тактикасы мен стратегиясын, солдат психологиясын терең білетін соғыс командирі, яки, соғыс батыры ғана емес екенін, Бауыржан болмысына Батыр деген ұғым тарлық ететінін түсінеді. Ол өзінің солдаттары мен офицерлерін кезекті ұрыс пен кезеңдік соғыстағы жеңіске ғана дайындамай, болмыстағы жеңіске баулығанын байқайды.
Ал, жеңістің ең үлкен олжасы — қай кезде де адамдық, ұлттық келбетті сақтай білу мен ақиқаттан айнымау, сөйте жүріп тірі қалу.
Бауыржанды өзге Батырлардан, командирлер мен қолбасшылардан ерек етіп, даңқын асырған да осы шындығы. Шындық – Бауыржанның болмысы. Өз ойын ол Мәскеу жазушыларының алдында «Арпалысты» талқылағанда және басқа мінбелерден әлденеше рет айтқан. «Абсолютті шындықты айту сұмдық қой!» деп шошығандарға: «Егер айта алмайды екенсің, дұрысы аузыңды ашпай-ақ қойғаның жақсы», – деп жауап берген.
Солай, ол алдына іс жүзінде жұмыр басты пенде орындай алмастай орасан зор мақсат қойды. Өйткені, бұл дүниедегілердің бірсыпырасы өз шындығын ғана өзеурей қорғап, абсолютті шындық бататынын мойындағысы келмейді, ол ашылмайды деп ұғады. Тіпті сол ақиқатты іздеп арындамай-ақ, күштілердің шындығын құп көре беру үлкен ақылдылық, жер бетінде жақсы өмір сүрудің бірден-бір кепілі деп ойлайтындар да баршылық. Ал, Батыр бабамыз болса, шындықтың шапанын жамылған өтіріктің халыққа қажет емес екенін айтудан еш жалықпады. Абсолютті шындықты айта білсе, сол кезеңге, сәтке ғана емес, болашаққа, ұрпаққа орасан зор пайдасын тигізер деп есептейді. Сондықтан да соғыс жағдайының шындығымен әсте де шектеліп қалмайды. Оның айтқан шындығы берісі ұлт, мемлекет деңгейіндегі, әрісі адамзат ауқымындағы шындық. Өйткені, абсолютті шындықтың табиғаты бір ұлтпен, яки мемлекетпен шектеліп қалмайды. Бұл адамзаттық проблема, адами мәселе.
Оның шығармалары мен хаттары осындай биіктен жазылған, сөздері осындай биіктен сөйленген. Баукең шығармаларының өз ұлты шеңберінен шығандап шығып, әсіресе, отарлық бұғауды үзгендер мен үзгелі жүргендердің сүйікті кітабына айналуының төркіні осында жатыр.
«Интернационалдық рух деген рух болмайды,» – деп, қырандай саңқ ете қалған Бауыржан ата «Ұлттардың гүлденуі арқылы біртұтастанып кетуі» туралы В.И. Лениннің теориясына сүйеніп, совет халқын қалыптастырып жатқан системаның тамырлана алмайтынын бір ауыз сөзбен түйді. Сонда кеңес халқын қалыптастыру дегеніміз – өзге ұлттарды рухсыздандыру арқылы орыстандыру болып шығады. Бірақ, шындық мен жағында деген орталық системаның қақ жүрегіне оқ боп атылған бұл сөз отарланған ұлттардың ғана емес, жер бетіндегі жұмыр басты пенделердің кез келгенінің денесін дір еткізіп, санасын дүр сілкіндірері сөзсіз. Баукең кейбіреулердің «Бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ» дүбәраға айналуының себебін іздеп, «бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар, мақұрым екен» деген қорытындыға келеді де: «Егер бұл саналы түрде істелінсе, онда зиянкестік болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе, онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып тастағандық, яғни нағыз ақымақтық болғаны,» – деп айқайға басады. Тіпті «Ұлы орыс ұлтының орта тобынан шыққан кейбір өкілдері басқа шағын халықтарға «екінші сортты» адам деп ойлап қараушылығына мүлдем жол бермеу керек» деп, қашан да қиялдауды білмейтін әдетімен кесіп айтады. Осылай атойлаған Бауыржан Момышұлы енді Қазақстан басшыларына, ақын-жазушыларына «тыныштық» бермей, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді күшейту үшін ұлттық тәрбиені қалпына келтіру керек екенін жазумен болды. Барлық шығармалары мен жазбаларында, сөйлеген сөздерінде дерлік осы ұстанымын өзгертпеді.
1943 жылдың 18 наурызында сол кездегі Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советінің председателі Н.Оңдасыновқа «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс», ал Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы М.Әбдіхалықовқа «Қазақстанда қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына төрге шығарып отырғызылуы керек» деп жазып, бұл қажеттіліктерді жүзеге асыру жөнінде көптеген нақтылы ұсыныстар береді. Әділдігін айту керек, Мұхаметжан Әбдіхалықов Баукеңнің бұл ұсыныстарына құлақ асып, кезінде оны бюроға қою үшін жобалар дайындаса керек. Бірақ,өзінен жоғарылар тоқтатыпты. Бұл туралы М. Мырзахметұлы өз естеліктерінде атап өтеді. Сондай-ақ оны досы Құрманбекке жазған (7.03.1944) «Мұхаметжан кеңес шақырды – көптеген шаралар белгіленіп отыр, тамаша документ болып шықты (тағдыр жазса оларды оқып шығарсың)» деген сөздерінен де аңғаруға болады.
Әрине, ұлт намысына айналу үшін өз ортаңның тәрбиесі жеткіліксіз. Ол тәрбие бүкіл ұлт қасиетімен, адамзат мұратымен қабыспай, тар шеңберде қалып қойса, тіпті зиян. Бауыржанның қайдан, қалай білім алғаны, халқының кәусарынан ғана емес, орыс оқуына да жетік болғаны жайында «Ұшқан ұяда» да, жерлесі, досы Құрманбек Сағындықов пен басқалардың естеліктерінде де жазылған. Баукең еліктеп өскен адамның бірі – Садық Абланов. Ол кісі туралы «Ұшқан ұяда» аса ілтипатпен жазылған .Садық Аблановтың революционер екені, өкіл екені айтылады. Бірақ оның ұлтын сүйер , халқының дәстүрін сыйлайтын азамат екендігін дәлелдеп жазған. Кейінгі ұрпаққа, осы повесте көптеген тәлім-тәрбие ошағының отын сөндірмес ұрпақтарына осы шығармалары арқылы ой тастаған секілді.
Әлия Түймебекова ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы