«Бұл жеке сұрақ қой»: Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары автобустарда арақашықтық неге сақталмайтынын түсіндіріп берді

Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Асхат Оралов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте қарбалас уақыттарда автобус ішінде арақашықтық не себепті сақталмайтынына пікір білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

«Қазір әрбір қоғамдық көлікте тиісті ақпарат бейнебаян ретінде, аудио ретінде беріліп отыр. Біз елорда тұрғындарын шектеу шараларын сақтауға шақырамыз. Бірақ ол адамның өзінің сана-сезіміне де байланысты ғой. Сондықтан әрбір елорда тұрғыны мен қала қонағы қоғамдық көлікке мінгенде өздері тәртіп сақтауы керек. Бауыржан Момышұлы ағамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген керемет бір сөзі бар ғой. Сондықтан тәртіп сақтайық, бәрі өзімізге байланысты. Бізде автобустар саны жеткілікті», – деді Оралов.

Бұдан соң журналистер әкім орынбасарынан қоғамдық көліктегі жағдайды бақылау үшін соңғы рет автобусқа қай кезде мінгенін сұрады. Бірақ Оралов нақты жауап берген жоқ.

«Бұл жеке сұрақ қой. Біз қажеттілік болғанда, әрине мінеміз. Қазіргі кезде әрбір қоғамдық көлікте қажетті ақпарат бар», – дейді Оралов.

Ал қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қоғамдық көліктегі арақашықтық мәселесіне бақылау жүргізілмейтінін ашық жеткізді.

«Бірақ біз түсіндіру жұмысын жүргізіп отырамыз. Әрбір автобуста арнайы роликтер қосылады. Аудио хабарламалар да бар», – дейді бас санитар.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Нұр-Cұлтан қаласы не себепті «қызыл аймақтан» шықпайтынын түсіндіріп берген болатын. 

Comments (0)
Add Comment