«Бұл тағдырымды ешкімге тілемеймін»: Атыраулық әйел түрмедегі өмірі жайлы айтты

Батыстағы жалғыз әйелдер түрмесі Атырау қаласында орналасқан. Бұл түрмеде түрлі жағдайда адам өлтіргендер, есірткі сатқандар, алаяқтық пен ұрлық жасаған әйелдер жазасын өтеп жатыр. Stan.kz тілшісі осы түрмеде жасөспірім қызды өлтіргені үшін сотталған маңғыстаулық әйелмен сөйлесті.

32 жастағы Маңғыстау облысының тумасы Нағима 2012 жылы жасөспірім қызды есінен танғанша аяусыз ұрып, айдалаға тастап кетеді. Кейін қыздың бір аяғын жабайы аңдар жеп қойған. Осы қылмысы үшін 18 жылға сотталған Нағиманың бостандыққа ұлы қалған.

“Өзі сотқар қыз болатын. Мені балағаттап, өзі ұрынып жүр еді. Шыдамның да шегі бар ғой. Бір күні ашуға булығып, ол қызды ұрып-соқтым да кетіп қалдым. Кейін ол қыз орнынан тұра алмай, сол жерде көз жұмған екен. Бірақ мен ұрған кезде тірі болатын. Өліп қалған қызды сол жерде жүрген аңдар жеп, бір аяғы ғана қалған. Кейін мені тұтқындады. Шыны керек ол қызды өлтіру ойымда болған жоқ. Тек оған сабақ болсын деп ұрған едім”, – дейді Нағима.

Сот үкімімен Нағима қатаң режимге сотталады. Алдымен Шымкент қаласындағы әйелдер түрмесінде 5 ай жазасын өтегеннен кейін, оның режимін жеңілдетеді. Одан кейін Нағиманы Алматы қаласы Шамалған ауылында орналасқан түрмеге, екі айдан кейін жазасын тұрғылықты мекен-жайында өтеу үшін Атырау қаласына ауыстырылады.

“Түрмеге түскен кезде қиыншылықтар болғанын жасырмаймын. Алайда бұл жерде де өмір жалғасып жатыр. Ешкім құқықтарымызды аяққа таптап, кинолардан көріп жүрген ұру-соғу деген мүлдем жоқ. Өйткені кез келген уақытта тиісті органға арыз жаза аламыз”, – дейді Нағима.

Жасөспірім қыздың туыстары Нағиманы өмір бойына соттауды сұрап, тіпті ату жазасын да сұраған. Олардың өтінішіне Нағима түсіністікпен қарайтынын жеткізді.

“Істеген ісім үшін – өкінемін. Өйткені ешкімнің біреудің өмірін алуына құқы жоқ. Менің де қызымды осылай өлтірсе, мен де ең ауыр жаза сұрайтын едім. Артымда ұлым өсіп келе жатыр. Оған анам жақсы тәрбие беріп жатыр”, – дейді сотталған әйел.

Бұған қоса, ол отбасын қатты сағынатынын жеткізді.

 

“Ұлымды мектепте жетектеп апара алмадым, оны мектептен күтіп ала алмадым. Анам да қартайып келе жатыр. Бостандыққа шыққаннан кейін отбасымның қасында болып, оларға бар махаббатымды төккім келеді. Түрмеден босатылған соң жұмысқа орналасып, ақша жинап, анамды Меккеге апарғым келеді. Бұл тағдырымды ешкімге тілемеймін. Отбасымды көрмегелі бір жылдан асты. Коронавирус өршіп тұрған кезде олардың Ақтаудан Атырауға келгенін қаламаймын. Вирус жұқтырып алса қайтемін? Skype-пен сөйлескенде үйге барып келгендей күй кешемін. Ұлым мен анамды құшақтайтын күнді асыға күтіп жүрмін, – деп көзіне жас алды.

Тар қапасты уақытын қысқарту үшін Нағима әр түрлі бұйымдарды тоқумен айналысады. Қолынан шыққан бұйымдарды бостандықтағы достарына жіберіп, ақшасына қажетті заттарын алғызады.

“Ешқандай құқықтарым бұзылған жоқ. Менде бәрі жақсы. Тек бостандыққа тезірек шақсам екен”, – деп күлімдейді Нағима.

Нағима бостандыққа 2030 жылы шығуы тиіс. Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаза өтеу мерзімін азайтуды сұрап хат жазған. Алайда өтініші қанағаттандырылмады.

УГ-157/11 түрмесінде Нағима сияқты 200-ге жуық әйел темір тордың ар жағында өмір сүріп жатыр. Бәрі де жасаған қылмыстары үшін жауап беруде.

Comments (0)
Add Comment