«Бұл Ninety One-ның соңғы концерті емес»: Танымал музыкалық топ алдағы жоспарлары жайлы айтты

Ninety One тобы жақында “Juzz entertaiment” келісімшартының мезгілі бітетінін және тәжірибе жинау үшін АҚШ-қа аттанатынын жариялаған болатын. Мұны естіген тыңдармандар сүйікті топтарының ән кешіне ағылып келді. Алайда жігіттер бұл шығармашылықтың жаңа сатысы екенін және алда талай концерттер өткізетінін айтты. Орда тобы да тыңдармандарына тосынсый дайындап жүргендерін жеткізгендей болды,-деп хабарлайды ”Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Орда” тобы өздерінің сахнада жүргеніне 21 жыл толғанын айтып, 20 жылдықтарын елдегі пандемия жағдайына байланысты тойлай алмағандығын жеткізді. Жаздан бері концерт өткізуді жоспарлаған жігіттер сол сәттің жаңа жылдың алдына келіп түскеніне қуанышты екендерін де айта кетті. Өздерін сағынған көрермендерінің залда лық толғанын көріп, қуаныштарын да жасырмады.

“Концертке келген тыңдармандарымыздың ықыласын көріп, қанша уақыт өтсе де бізді ұмытпапты ғой деген бойымызда қуаныш сезімі билеп тұр. Негізі жаңа ән жазуды ойлап қоямыз. Бірақ біздің басымызды қосу қиындау. Дастан Астана қаласында, Нұрлан Бішкекте өздерінің де жұмыстары бар деген сияқты. Негізі қиын. Бірақ көрермендеріміздің қолдауы болса неге жазбасқа”, – деді Ерболат Беделхан.

Бұл ойды Дастан Оразбеков қолдап, құпияның бар екендігін, алда бір жаңа дүниенің шығатынын айтты.

Беделхан сонымен қатар жаңа топ құру жөніндегі сауал бойынша да ойын айта кетті.

“Продюсерлік орталық болғандықтан өзімнің жұмысымды әрдайым атқарып жаңа жобалар шығаруым керек. Себебі Қазақстан нарығында ұсыныс бар, бірақ соған беретін өнім жоқ. Жаңа дүние шығаруды жоспарлап жүрмін. Бірақ оның қашан болатынын білмеймін. Менің ойымнан шығатындай балаларды жинау мәселесі бар дегендей. Шәкірттерімнің арасында топ болып шығып, еңбектеніп жүргендері де бар. Мәселе, жаңа топ құру үшін бірінші құрамды дұрыс таңдау, екінші нарыққа компания ретінде дайын болуың керек. Ал нарық жоқ болғаннан кейін бізге екі есе қиын ”, – деді Ерболат Беделхан.

Айта кетсек, ұйымдастырылып жатқан ән кеші Ninety One тобының соңғы концерті деген әңгіме таралған болатын. Топ мүшелері бұл ақпараттың жалған екендігін жеткізді.

“Бұл ешқандайда соңғы концерт емес. Бұл әңгіменің қайдан шығып кеткенін өзіміз де түсінбей қалдық. Негізі барынша мұның жалған ақпарат екенін айтуға тырысып жүрміз. Алдағы уақытта концерттеріміз бұдан да көп болады деген сенімдеміз”, – деді жігіттер.

Топ мүшелері АҚШ-қа тәжірибе жинауға аттанатынын растады. Сөздерінше, олар қазіргі таңда дайындық үстінде.

“Ағылшын курстарына барып, түрлі ағылшынша фильмдер көріп, әндер тыңдап, барынша дайындалып жүрміз. Тіпті өзімізді сынап, ән жазып та көрдік. Іштей шет елден тәжірибе жинауға әзірміз. Бірінен кейін бірі болып жатыр. Асықпай қадам-қадаммен жұмыс істеудеміз. Концерттерімізді аяқтап, қаңтар айынан бастап шет елге шығуға дайындықтарымызды бастаймыз. Жағдай тұрақты болса, басқа қалаларға да концерт беріп қалуымыз мүмкін. Бірақ біз 100% ештеңе айта алмаймыз. Бұл әзірге біздің жоспарымызда ғана”, – деді топ мүшелері.

Comments (0)
Add Comment