Бөкеңнің қойын дәптерінен

«Мен депутаттыққа түсіп жатырмын», – дейді бір таныс. «Мен өз өзімді ұсындым», – дейді екінші бір кәсіпкер інішек. «Мен өзім мүшелік ететін партия депутаттыққа кандидат етіп, партиялық тізімге енгізіпті…» – деп қояды үшінші бір қызметкер замандас.
Не керек, әйтеуір, қоянның шығысы мен ұлудың кірісіндегі осы ай «Пәленше-түгенше депутат болғалы жатыр екен» деген алып-қашпаны күнделікті естумен өтті де шықты.
…Мен өзі әбден қалыптасқан, сыннан өткен әрі тұрақты сипаты болатын консервативтік ұстанымдағы қоғамда қалыптасқан азаматпын ғой. Сондықтан өз ұғымымдағы депутаттың қалыбы – ол, депутат – мемлекеттік, елдік масштабтағы мәселелерді шешетін қайраткер болып көрінуші еді.
«Бұлар – жаңа заманның депутаттары. Мемлекеттік мәселелер олардың ойында бар ма, болса, олар оны қалай шешеді?» деген бір ойлар мені мазалап қойып жүрді.
Сол таныстарымның бірлі-жарымы шынында да депутат болып шыға келді. Демек, олардыкі дұрыс болғаны. Яғни, заман – солардыкі. Менің консервативтік қалыбым мына заманның аяқ алысына лайық болмай қалғаны ғой… Олар – алға қараушылар. Алдан үміт күтушілер. Ал біз арттағыға қарағыштай береміз бе, қалай? Бізге өткен шақ қызық болып көріне бере ме? Ұғу керек екен.
Біздің ел жаңару үстінде. Халық та. Ендеше депутаттыққа енді әкелер орнына балалар келеді. Депутаттық корпус жаңарады. Бұл – уақыт заңы.

***

Шөп науқаны бітіп, әбден қара күз болғанда ауылдағы бір ағайдың шөбі қора-қопсысымен бірге өртеніп кетті. Сол күні өзі қалаға қыдырыстап кеткен еді. Бүкіл ауыл сонда жүгірді. Көбі өтірік қиналған болды. Алайда іштері сезіліп қалды. Өтірік айқай, өтірік қимыл. Шын өшірсек деген ниет жоқ.
– Ойпырмай, ойламаған жерден қалай болды? – дейді бірі өп-өтірік қиналған болып.
– Қолдан болып тұр ғой, қолдан. Әдейі жасалған тірлік қой, – дейді бірі әлденені тұспалдап.
– Сауап болған екен, өзінен көрсін. Әбден зәбір көріп, күйіп біткен көршілерінің бірі істеп отыр ғой, – дейді бір-біріне сыбырлап әйелдер жағы.
– Кімде болса кегін қайырған-ақ екен, аз-за-мат! – деп те жіберді бір ағай жүзінен өртеген адамға деген орасан зор ризашылықтың нұры ұшқындап тұрып.
– Жігіттер, байқау керек. Шыли шектен шығып, құдая-тобаны ұмытуға болмайды, – деп сөз бастады ауылдағы ең үлкен қариямыз.
– Мұны ешкім жасаған жоқ. Ол қанша адамшылықтан шықса да, біздің ауылда мұндайға баратын ешкім жоқ. Бұл зауал, рас, өзінен келді. Білесіңдер ме, бұрынғылар айтып отыратын мынадай бір әңгіме бар еді ғой. Дегелек деген – өте қасиетті, киелі құс. Ұясын ауыл маңындағы ең биік жерге салады да, бүкіл аймақты бақылап отырады. Сол дегелек сол аймақтағы елге әбден назасы өткен қара ниетті адам болса, соның үйіне тұмсығымен от тістеп әкеліп тастап кетеді демеуші ме еді, – деп бітірді сөзін қария.
Бүкіл жұрт ауылдың шығысындағы ескі мешіттің күмбезі үстін көп жылдан бері мекен еткен қос дегелекке жалғыз жанашыр, қамқоршысындай елжірей қарап қалды.
Дегелектің киелі құс екені ақиқат. Демек, пәлсапа тегін айтылмаған. Зорлықшыға түбі бір зауал келері анық.
Дегелектен бе, ебелектен бе, көбелектен бе, ол жағының қисынын Құдірет өзі келтіреді. Ойлан, шырақ!

***

Әр үйдегі көксандық – теледидар тәрбие құралы ма? Ал тәрбие құралы дейтін болсаңыз, сонда жасандылық өнер ме, өнеге ме?
Теледидар шаршатты. Зәуіде бір «Жануарлар әлемінде» деген хабар болса, соны көремін. Оларда біздің өмір сияқты жасандылық жоқ. Қалай жаратылған – сондай тіршілік. Маймылдарға қараңыз, талдың басында, судың жағасында өзімен-өзі тіршілік кешеді. Төбелессе ашық айқасқа шығады. Зымияндық жоқ, қулық-сұмдық жоқ. Тасадан тас атпайды. Ұрпақ өсіреді. Ұрпағы үшін жанын беруге даяр. Ал біз ше?! Адамзатымыз дейміз де, маймылдың рөлін ойнаймыз. Кейде маймылдың өзін жолда қалдырамыз.
Шона ақын:
Маймілдікі – маймылдық,
Еске аламыз жай күліп.
Одан асып түсетін,
Шіркіндікі қай қылық? – депті ғой. Демек, сондаймыз.
Бүкіл арна жасанды шоуларға толы. Кеше ғана Шымкенттен мектеп немесе музыка колледжін бітіріп келген, әу дейтін бала-шаға шуылдап әңгіме айтып жатыр. Азғантай түйсігімен пікір айтады, ақыл айтады. Астафралла!
«Сөйлеуін балам сөйлейді, ұялуын мен ұяламын» деген екен бір бейбақ.
Содан соң спортты көремін. Спорт та – саясат. Бірақ спортшы шын, жанын салып ойнайды. Демек, шынайы әрекет.
Ал жаңалықтар көрмей тағы болмайды. Бет-бейнесі боялып, саясиланған жаңалықтарды көремін де, өзімше сүрмесін сүртіп, пайым жасаймын. Оным: «Е-е, нақтысы анау екен ғой, билікке керегі мынау екен ғой», – деген сұрыптау.
Ұлттық сана арзан шоудың құлына айналып барады.
Ал Смағұл Елубай: «Ел боламын десең – эфиріңді түзе» дейді Әуезовтің тәрбие жөнінде айтқа нақылын бүгінгі күнге келтіріп.

***

Кейде маған кейбір қыңырлау әріптестерім: «Өлең жазасың, драма жазасың, сатира жазасың, ән жазасың, бір адамға бұл артықтау емес пе?» – дейді. Оның арғы жағында «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дегендей қияй қулықтары да жасырынып тұрғанын сеземін.
Бұл сұрақты пейілі дұрыс достар бетпе-бет шын ниетпен де сұрайды. Ал әлгі пейілі бүкірлері сыртымнан да айтып жүреді. Сондықтан бұған жауабым дайын.
– Мен етікші емеспін бір будкада отырып алып етік жамай беретін. Сезімім не дейді, жанымның қалауы не, соның ықтиярымен жүремін. Сіздің жаныңыз ылғи Гавай аралын немесе Кариб аралдарын қаласа, сонда барып демала беріңіз. Музыка деген сондай бір ғажайып арал болса, менің жаным оған сіздің қалауыңызбен, әлде бір сезімсіздің рұқсатымен баруы керек пе? Біржанға, Ақанға, Балуан Шолаққа «Әнін де, сөзін де өзің жазыпсың…» деп ренжуге бола ма?
Сахнаға арнап комедия жазсақ, бір кезде біреу пұшық мұрнын шүйіріп тұрып айта салған «жеңіл дүние ғой» деген түсінік бар. Жеңіл болса, сол шіркін комедия жазсыншы. Сонда не, әдебиет деген, театр деген тек трагедия жазып, еңірей беру ме? Ал проза жаздың ба, прозамен қатып қал дейтіндер – етікшілер, – деймін мен.

***

Қазақ қайсыбір жылы қалаға ағылды. Содан болар, көп жерде қазақ мектебінің қажеттілігі еселеп артты.
Теміртауда бар болғаны төрт-ақ қазақ мектебі бар екен. Енді бір мектеп ашу дегеніңіз Мәскеуден медресе ашамыз дегеннен де қиынға соққан сыңайлы. Жұртшылықтан сондай сұраныс болғаны сол екен, бүкіл Қазақстандағы орыс тілді журналистер өре түрегелді.
Ол ол ма, сайттарды «Бұл не деген сұмдық?! Неге қазақша мектеп ашамыз дейді?» деген Ресейдің журналистерінің шовинистік пікірлері басып салды.
Үкімет: «Оны біз шешпейміз, халық өзі шешеді» деп «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» көзқарас танытты.
Ал Ресейдің журналистері бұл бөтен ел, өзге мемлекет еді-ау демейді, еркін көсіледі. Ал оларға қарсы сөзді кім айтар еді?
Әрине, зиялы қауым, журналистер айтар еді. Ал қазақ журналистері айта алар ма? Әрине, әкесін танытып тұрып айтар еді. Бірақ «айтқызбасың айтқызбас» пүшайманы болып отыр.
Сәл дауыс көтерсе, «Ойбай, тыныш! Не қыласың пәлеге тиіп?! Қой, қой! Ұлттық наразылық тудырасың, өшір үніңді» дейді.
Сонымен үні өшеді, рухы өшеді. Журналистер қоғамының қозғаушы күші – ұлттың рухы. Оларды тұншықтыру – ұлттың рухын өшіру. Бүгінгі тілмен айтсақ, «духын сындыру». Ол – түбі ұлтты құрту. Содан соң да ең мүсәпірі, «сөзі құрсын» делінетін – қазақ журналистері. Сол қазақ журналистінің қолына су құйып беруге жарамайтын «атып кетті», «шатып кетті» деген ақпарат жазудан ары аттай алмайтын журналист-сымақтардың ұлты өзге болса, тілі орысша болса болды, қай-қай басшы да оның алдында құрдай жорғалауға бар. Ондайлар, неге екенін, қазақ журналистерінен қаймықпайды. «Қойшы, айтады да қояды ғой» дейді.
Ерді Құдай ұрарда –
Жауға шабар дүлділін
Жабы орнына мінеді.
Елді Құдай ұрарда –
Дауға салар жүйрігін
Көптің бірі деп жүреді, – дегенді Бала би неге айтты екен?!..
Басшыға да, қосшыға да елдік үшін осыны назарда ұстау керек-ау.

***

– Өнер адамдары мақтаншақ келеді, – деді бір байшыкеш досым.
– Жалпы, қазақ – мақтаншақ, – дедім мен тырсия қалып.
Ол мені қыжырта түспек үшін шіреніп тұрған күйі миығынан күлді.
Мен ызалана бастадым.
– Әсіресе, сол қазақтың ішінде кім байыса – сол мақтаншақ, – дедім мен ерегісе түсіп – Байлық – мақтан. Әр мақтаншақ қазақ өзгеден артық тұру үшін байиды. Ол мақтаншақ байып алып, ешкімде жоқ қымбат машина мінгісі келеді. Ол – мақтаншақтық. Тойды да мақтан үшін жасайды. Алдына пәлен машина тігіп, ат шаптырып, асты да мақтан үшін береді. Өнер адамы осыны жасай ма?! Кім бай – сол мақтаншақ, – дедім кесіп тұрып. Күйіп кетсем керек.
Жалпы, қазаққа мін тағуым артық шығар, ол мүмкін ұлттың болмысы болар. Қазақ үшін, бәлкім, мақтаншақтық ұлы қасиет те шығар, кім білсін? Өйткені сол мақтану үшін мал жияды ғой. Жаманатын шығармай, «жақсы адам» болу үшін әрекет етеді ғой.
Бірде ауданда тұратын бір апаймен әңгімелесіп қалғам.
Әлгі апай ауылда мақтанарлықтай бизнесі бар баласының 40 жасқа толған тойын өткізгені жөнінде айтып отыр.
– …Құдайға шүкір! Баламның 40 жасқа толуына аудан әкімі бастап, мәслихат хатшысы қоштап, бар игі жақсы келді. Құдай тойына кіл мыжырайған қалпақ киіп, май сасып, ұзын қамшы сүйреткендер келгеннен сақтасын, – деп те жіберді, шалқып отырып.
Міне, мұны мақтан дейсіз бе, асықтық дейсіз бе, өзіңіз білерсіз.
Демек, қонақты да таңдап, мақтан үшін шақырады екенбіз.
Ал сіз «Өнер адамы – мақтаншақ» дейсіз…

Comments (0)
Add Comment