Бөкеңнің қойын дәптері

Тарих – өшкеннің ізін, өткеннің сөзін жаңғыртатын құрал. Ал бүгін жазған дүниең ертеңге мұра болып қалса ғибрат. Сондықтан да дана қазақ «Ауызда атың, қағазда хатың қалсын» деген. Бүгінде өзінің артынан өшпестей із, мәңгілік мұра, ұрпаққа өсиет қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі – ақын, жазушы, журналист, драматург Болат Бекжанов.
Болат Үмбетәліұлының артында қаламынан туған туындыларынан бөлек, қойын дәптеріне түртіп қойған тағылымды дүниелері де қалған. Бүгінгі күнге дейін өз өміршеңдігін жоймаған осы тәлім- тәрбиелік мәні зор жазбаларын «Jambyl-Taraz» газетінің әр санында жариялап тұруды жөн көрдік.

Редакциядан

«Газет деген айта береді, журналист деген жаза береді» дейтін пікір кейде әр «білгіштің» аузынан айтылып қалатын болып жүр. Жоқ, ол жаңсақтық. Жаңсақтық емес білместік.
Бір ағайынның топжияры. Әңгіме әр тараптан.
– Мал базары аптасына бір күн ғана емес, осы дүйсенбіден бастап күніге болатын болды, – деді бірі, әркімді менсіне бермейтін әлгіндейді айтқыш көкем. Көзі ежірейіп, қолымен кесіп көрсеткенде, «Е,е, қазақтың қолымен қойғандай айтты-ау» дейтіні осы екен ғой, – деп те қалады екенсің.
– Олай емес. Қала сыртындағы мал базары сол қалпында тек жексенбіде ғана істейді. Бірақ қала ішінде ұсақ мал базарлар болады, – дедім мен, көкемнің дұрыс түсінбегенін сезіп.
– Ой, не деп тұрсың сен?! Мен кеше оны облыстық газеттен, мына өз көзіммен оқыдым ғой, – деді көкем, өліспей-беріспей өңмеңдеп.
– Оу, сол мақаланы кім жазыпты, артына қарамадыңыз ба? Сол мақаланың авторы мен ғой. Өзімнің жазғанымды оқып алып, өзіммен таласасыз ба? – дедім де күйіп кеттім.
– А, а сенікі ме еді? – сасқалақтап-ақ қалды да, жоқ солай жазылған сияқты еді, ертең қайта оқиыншы, – деп сондада мойындағысы келмей кібіжіктеді.
Міне – газеттің күші. Ал ол күшті парасатты, пайымды адамдар ғана біледі.


Мәскеуден шығатын Еврей қауымдастығы қоғамының газеті қолға тиіп қалды. Жоғарғы ұрансөзін: «Әрбір еврей әрбір еврей үшін жауапты» деп қойыпты.
«Не деген сұмдық ақылды халық» деп таң қалдық. «Ал біз ше?» дедік. Сөйтсек біз еврейден де мықты халық екенбіз ғой. Біз оны айтып қойыппыз және әрбір еврей үшін жауапты дегенді біз: «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп тас түйін өлеңмен шегелеп тастаппыз. Бұл – Абай.
Олжас орысшалап тұрып: «Біздің мықтыларға мадақ өлгеннен кейін бұйырған» депті дейміз. Ал Абайдың қазақшалап тұрып әрі өлеңмен: «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» дегенін тағы елей бермейміз.
Классик жазушы Бердібек Соқпақбаев: «Мектеп бітірген баланы адам қыламын деп қалтаға ақшаны басып институт жағалаудың қажеті жоқ. Екі ай қолына Абайды беріп, бір бөлмеге қамап таста. Жаттасын. Содан соң шығар да, «ал, өмір сүре бер» деп жібере сал. Бітті өмір сүріп кетеді» дейді екен.
Классик қателеспейді…


Әсілі, дүние табу мықтылық емес, дүние жасау мықтылық. Біздің қалада бүгінгі көнекөз қариялардың өздері еміс-еміс білетін «Балпық сарайы» деген сарай, «күніге жүз қой таппаған жігіт жігіт пе?!» деп таң қалатын сол сарайдың егесі жанның жаннатта болғыр Балпық деген кісі өтіпті. Сол қайда қазір, із бар ма?…
Ал қазір дүниені әйел де табады. Алайда кедей адам да, бай адам да ары кетсе бір табақтан артық тамақ іше алмайды. Араны бірдей. Ескендір (Зұлқарнайын) өмірден өткенде қолы жоғары көтерілген күйі бүгілмей қалыпты дейді. Кездейсоқ, жолаушы қарияны шақырып мән-жайын сұрағанда қария: «Мына дүниені шайқадым, ал содан не шықты? Ана дүниеге не әкетіп бара жатырмын деп, қу дүниені қимай жатыр. Өліктің көзіне құм құйыңдар» деп құм құйдырып жібергенде, жоғары көтеріліп жатқан қолы неге сылқ түсті екен?…
Дүние керек қой, мәселе құныққанда. Малды болуға ақылдылықтың керегі шамалы. Әкесі баққан, тапқан малды баласы да баға береді, таба береді. «Бөлтірік шешеннің артынан ақылдылығынан ермейді».
Қанайбек деген көкем елеусіз біреуге мал бітіпті десе, «ақымақтың дүние тапқанға кемдігі жоқ» деп таң қалушы еді.
Шведтер ұлына: «Балам, біз мықтымыз, өзгелер бізден мықтымыз десе біз құсап шаңсорғыш ойлап тапсын» дейтін көрінеді. Иә, дүние табу мықтылық емес, дүние жасау мықтылық.


Ұлттық философия – нағыз тәрбиенің көзі. Ол сан ғасырлар бойы електен өткен ұлттық ойдың мәйегі. Біздің ұтылатын жеріміз де, сол жауһарларға, жыраулар поэзиясына әдебиетшілер болмаса жалпы жұрт жүрдім-бардым қарайтынымызда. Халық даналықтарына зерделеп, түйсікпен, қағида ретінде қарасақ, ол санаға ұялар әдемі өнеге.
Кейде бір мереке «мерекеге ұласып» жұмысқа бармайтын кезіміз болатын.
Сол кезде анам жарықтық:
– Әй, жұмысқа бармайтын ба едің, осы достар саған тамақ бола ма, жұмыс бола ма? Ана күн көріп отырған жұмысыңнан шығарып жіберсе, көрер ем, қасыңда солардың қайсысы қалғанын, – дейтін ренжіп.
– Ой, мені кім шығарады, – деймін мен әлдененің буымен шалқып отырып.
Анам: – Ей! – дейді мені селк еткізіп, қатқыл үнмен. Сөйтеді де, сұқ саусағын шошайта қолын сәл жоғары көтеріп алға созып тұрып, әр жолына екпін бере саңқылдап өлең оқи жөнеледі.
– Өлеңімнің басы еді – әриайдай,
Ақ серкенің мүйізі қарағайдай.
Қарағайдай мүйізін қағып алса,
Тоқал ешкі болуы боқтан о-ңа-й!.. – дейді, аяқ жағы ескерту екенін ұқтырып, салмақтай созып тұрып.
Сұмдық. Үрейіңді ұшырады. Тасып бара жатқанда бұдан өткен тәубеңе түсіретін тәсіл бар ма?
Иә, бәрі уақытша. Сендер де осыны ойлай жүріңдер, жігіттер!..
Міне, Сократыңнан да, Платоныңнан да, Анахарсисіңненде, Аристотельіңнен де асқан, жан дүниеңе әсер етер өз халқыңның даналығы, ұлттық философия.


Зәуіде бір жолым түсіп, оқу бөліміне бара қалғам. Қабылдау бөлмесі абыр-сабыр, тола адам. Адам болғанда он ба, он бес пе, әлде одан да көп пе – әйел балалары. Алғаш ойыма мектептерде бір «женсовет» деген болушы еді ғой деген ой келді.
«Е-е, сол секілді бір әйел тақырыбына жиын өтпекші шығар» дедім де қойдым.
– Сіз тез кіріп шығыңыз. Мына, мектеп директорларын шақырып қойып еді, бастық, – деді хатшы қыз.
О, тоба! Әлгілер түгел мектеп директорлары екен. Онбаған ойым: «Әй, ер біткен майданға аттанған соғыс кезінде де мынандай көрініс болмаған шығар» деді кіріп бара жатып.
Осы күйде кетте берсек түбі: «сіз мектеп директоры болыңыз» десе, «не, мені әйел деп тұрсыз ба?!», – деп тас-талқан ашуланатын хәлге жетерміз-ау. Оһ, міне!
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жылдан-жылға өсе түсуін осы жерден іздеу керек екен. Қазақ-түрік лицейлерінің неге директоры кіл ерлер? Сынып жетекшілері, тіпті тәрбиешісі (Әби) неге тек ер азаматтар?
Иә, оларға сырт бұзықтарының да ықпалы жүрмейтіні содан екен-ау.


Өнер маңында кеш өткізіп пе едіңіз? Бірер бейбақ келе алмай қалады. Әрине, адам болған соң түрлі жұмыс шығады, сырқат килігеді, мың бір себеп… Алайда, кейбірі…
Иә, оған бола несін ренжисіз. Іштей күлесіз, іштей аяйсыз.
Гетенің ұлы шығармасы «Фауст» (Жұдырық) оралады ойыңызға.
Ол Люцифер (Мефистофель) үлгісі. (Біздің ұғымдағы сайтан не ібіліс шығар).
Ол найсап, «Неге қасымдағыларға нұр түсіп тұр. Жаратушы неге менен басқаны да нұрға малындырады?» деген қызғаныш өзегін өртеп, маңайындағыларды зымияндықпен азғырып, маңайындағыларды қарсы қойып өліп-өшеді.
Алла Тағала сол қылығы үшін Мефистофельді «Өлтірмей-ақ қояйын, бір жамандық болып жүре бер. Бірақ бұл жерге саған орын жоқ», – деп маңынан алыстатқан. Содан бастап ол игілікті іс болған жерге келе алмайды. Ең бастысы адалдықтан қорқады, шындықтың жүзіне тура келе алмайтын тайсақтайды, қипақтайды, қысқасы, кібіжіктеп ол жерде өзін қоярға жер таппайды. Бұл туындыны Гете алпыс жыл жазған. Бәлкім шығарманың ұлылығы да сонда шығар. Тіпті шығарманың Гете өмірден өткен соң жарық көруі де кездейсоқтық емес-ау. Өйткені ұлы ақын меңзеген кейіпкерлері қасарысып, қасында жүрді ғой. Өлсе шығарта ма?
«Гете мұсылман болған» деген әр жерлерде айтылып қалатын пікір бәлкім осыдан туындаған шығар. Әріптесті сыйламаса да Құдайды, Құранды сыйласа ғой, сол шіркіндер.
Гете бұл шығарма сюжетін сол Құраннан алған дейді ғой.
Бірақ ондайлардың игілікті іске келмегені де жақсы, іші күйеді ғой.
Ол денсаулыққа зиян.

(Жалғасы келесі сандарда)

Comments (0)
Add Comment