Жуырда дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатында жалпы білім беретін оқу орындарының 7-11-сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.
Білім бәйгесіне облысымыздың 10 ауданынан, Тараз қаласындағы мектептерден іріктелген 180 білім алушы қатысты. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан білім бәйгесі «Білгірлер бәйгесі», «Жас қаламгер», «Бейнелеушілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» сынды аталымдардан тұрды.
Байқау нәтижесі бойынша «Жас қаламгер» аталымында дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Әділет Балтабай, Т.Рысқұлов ауданы, Ақтоған орта мектебінің 10-сынып оқушысы Рабиға Фахрисламова, «Сөз шеберлері» аталымында Т.Рысқұлов ауданы, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Жанкелді Байкей, Шу ауданы, Төле би атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Сона Рзаева, «Әнші-бұлбұлдар» аталымында Тараз қаласы, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының 8-сынып оқушысы Регина Ким, дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Ілияс Молдахан, «Білгірлер бәйгесі» аталымында дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрислам Әшімжан, «Дарын» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ясмина Маженова, Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 7-сынып оқушысы Аминат Хапаева, «Дарын» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Іңкәр Нұрлан топ жарып, республикалық кезеңге жолдама алды.
– Біз оқушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын оятуды көздей отырып, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеби және рухани мұрасын насихаттауды қолға алдық. Мұндай байқаулар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеті мен мәдени көзқарасын дамытуды мақсат тұтып отырмыз. Аталған білім додасына қатысушылардың да саны жыл сайын артуда. Бұл балалардың қызығушылығы жоғарылап келе жатқанын көрсетеді, – дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі, дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфазира Сегізбаева.
Дарынды балаларға арналған «Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Аманбаева мұндай байқаулар оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қазақ тілінің де мәртебесін арттырады деп санайды.
– «Жарқын болашақ» олимпиадасы – қазақ тілінің мәртебесін арттыруға септігін тигізетін білім бәйгесі. Осы олимпиадада қамтылған барлық бағыт оқушыларды әр қырынан танытуға, сондай-ақ қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. «Бейнелеушілер» бағыты бойынша оқушым Іңкәр Нұрлан қатысып, жүлделі орынға қол жеткізіп, республикаға жолдама алды. Ол «Бақытсыз Жамал» романының сюжет желісін сақтай отырып, кейіпкерлерді көркем бейнелеп, кейіпкерлердің образын ашып беруі оқушының көркем шығармаға қызығушылығын арттырып, қиялын жетелей түсетіні сөзсіз. Ал «Білгірлер бәйгесі» аталымында Ясмина Маженова 1-орынды еншіледі. Өзге ұлт өкілі бола тұра, мақал-мәтелдерді тақырыпқа сай жазып беріп, жұмбақтарды шешіп, жаңылтпаш айтып жарысуы, сонымен қатар қазақ халқының ертегілеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап беруі – шәкіртімнің қазақ халқының ауыз әдебиетімен сусындағанының дәлелі. Осы орайда балалардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, дамытуға игі әсер ететін осындай сайыстар, олимпиадалар көбірек өткізілсе деген ізгі тілегім бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналатын білім бәйгесінде шәкірттеріме сәттілік тілеймін! – дейді Айжан Шәкірқызы.
Байқау жеңімпаздары мен оларды жоғары деңгейде дайындаған пән мұғалімдері облыстық білім басқармасының дипломдарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Құрмаш Қаптағай